Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алматыда атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. Бұл туралы Sn.kz хабарлайды.
Тарихи қазынаға, рухани мұраға өте бай көне шаһар – Алматы өзінің табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты мыңдаған жылдар бұрын да көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталығы болғандығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Мұнда тарихи ескерткіштер аз емес. Алматы әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасына енгізілген» нысандар туралы айтты.
«Сақ дәуірінен біздің заманымызға дейін жеткен бірегей ескерткіш – қаламыздың солтүстік батыс аймағында, 430 гектар аумақта орналасқан – «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі соның айқын көрінісі деп айтуға болады. Бұл тарихи нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген.
Киелі нысанды сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында, біз «Сақ мәдениеті орталығын» салу бойынша жұмыстарды қолға алдық. Оның эскиздік жобасы және жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді.
Орталықта ашық аспан астындағы музей, көпкешенді зал (концерттік және көрме техникасымен жабдықталған), конференция және мультимедиялық зал, кәдесый мен медиатека дүкені, археология музейі, заманауи құрылғылармен жабдықталған реставрациялық шеберхана және қаламыздың туристік тартымдылығын арттыратын тағы басқа да түрлі нысандар салу көзделген», - деді Алматы әкімі Бақытжан Әбдірұлы.
Айта кетейік, қазірдің өзінде археологиялық парк аумағында ерте сақ тайпасы үйлерінің макеті мен қолданған бұйымдарының көшірмелерін көруге болады.
Жыл басынан бері тарихи нысанмен танысу және тамашалау экскурсиясына 46 мыңнан астам мектеп оқушылары мен 14 мыңнан астам колледж студенттері қатысқан.