Алматыда төрт туристік полиция пункті ашылды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz.
Айта кетейік, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында елімізде ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударылған. Алматы - Қазақстанның ең ірі мегаполисі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Алматыға жыл сайын миллионға жуық шетелдік туристік мақсатта келеді.
Алматы бүгінде туристер қаласына айналған. Сондай-ақ, биылғы жылдың өзінде жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық инвест-жобаға қол қойылған. Бұл, әрине, өз кезегінде елімізге келген труистер мен инвесторлардың қауіпсіздігі мәселесінің маңызын арттырады.
Сондықтан да биылғы жылдан бастап Алматыда туристік полиция қызметі іске қосылған. Ал жаңадан ашылған төрт туристік полиция пункті Алматының Бостандық және Медеу аудандарында келесі аптада орнатылмақ.
Атап айтқанда, шетелдік қонақтарға көмек көрсететін шағын пунктер ҚР Тұңғыш Президент саябағы, «Медеу» мұз айдыны маңында, Көктөбеге және әуежайға қойылады. Себебі аталған маңда туристер көп жүреді екен.
Бастысы, оны жаңа модульдерді полиция пунктімен шатастырмау керек деп отыр. Туристік полиция модулін орнатудың мақсаты – саяхатшылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды толғандырған кез келген сауалға жауап беру.
«Оның ішінде барлығы қамтылған. Қыста жылы болады. Жазда кондиционер қосылады. Негізінде көп жайсыз жағдай бізде таксиде болып жатады ғой. Заттар жоғалады. Оның бәрін біз фейсбуктегі полициясының департаменті парақшасында көрсеттік», -деді Алматы қаласы Полиция департаменті Туристік полиция бөлімінің аға инспекторы Жеңісбек Шалбаев.
Еске сала кетейік, туристік полиция биыл көктемде құрылды. Оның құрамында 25 полицей бар. Олардың басым бөлігі ағылшын тілін білсе, біразы қытай, корей, француз тілдерін жетік меңгерген.