06.11.2019, 18:08

«Рухани жаңғыру»: «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігі» таныстырылды

Он бес томдық сөздікте таза саха тілінде терминдер, фразеологизмдер, сөз тіркестері беріліп, өзге ұлт өкілі оқығанда түсінікті болуы үшін төменгі жағына орысша мағынасы келтірілген.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық кітапханада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының ұйымдастыруымен саха тілінің 15 томдық сөздігі мен «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің» таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Sn.kz.

Түркі әлеміне ортақ құндылықтарды, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін насихаттап, тәжірибе алмасуды көздеген басқосуға якут елінен арнайы келген делегация мен лингвист ғалымдар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуды Ұлттық кітапхананың директоры Б.Оспанова ашып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы, академик Е.Қажыбек тізгінді өз қолына алып, меймандармен таныстырып, бұл жиынның екі ел арасына алтын көпір орнататынын жеткізді.

Якут елінен делегацияны бастап келген доктор, профессор, Саха Республикасының академигі П.Слепцов, кітаптың жауапты басшысы, филология ғылымының кандидаты В.Монастырев және т.б. сөздікті жасауға қатысқан ғалым­дар сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.

Ерден Қажыбек қазақ тілінің тарихын терең зерттеу үшін якут тілін білу артық етпейтінін, өкінішке қарай, бізде ондай мамандардың тапшылығын тілге тиек етіп, «Якут мәдениеті біз үшін өте маңызды. Олар өз мәдениетін өзгертпей, көне заманнан сол қалпында сақтады. Мұның біздің тарихты зерттеуде де көмегі зор», - деді.

Он бес томдық сөздікте таза саха тілінде терминдер, фразеологизмдер, сөз тіркестері беріліп, өзге ұлт өкілі оқығанда түсінікті болуы үшін төменгі жағына орысша мағынасы келтірілген.