06.12.2019, 06:10

Елімізде Ауғанстаннан келген 500-ден астам босқын бар

Фото: knews.kg
Халықаралық конвенцияға сәйкес, мемлекетке келгенде олардың жағдайы арнайы комиссия отырысында қаралып, содан соң босқын куәлігі беріледі.

Қазақстанда бүгінгі күні 523 босқын бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда босқындарға қатысты заң 2011 жылы қабылданды және бүгінде осы мәселемен Ішкі істер министрлігі айналысады. Статистикаға келсек, бүгінгі күні елімізде 523 босқын бар, оның 509-ы Ауғанстаннан келген. Қалғаны басқа елдерден келген. Халықаралық конвенцияға сәйкес, мемлекетке келгенде олардың жағдайы арнайы комиссия отырысында қаралып, содан соң босқын куәлігі беріледі. Сондай-ақ, біздің елде оларға мемлекеттер арасында жүріп тұруы үшін көліктік құжат беріледі. Қазіргі уақытта босқындардың елдер арасында кедергісіз жүріп тұруы үшін аталған құжатты электронды түрде беруді көздеп отырмыз. Онда сонымен қатар босқынға қатысты биометриялық деректер болады», - деді Б. Нұрымбетов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр қазақстандықтардың қай елдерге жиі қоныс аударатыны туралы айтып берді.