$ 498.34  519.72  4.85

Шымкенттік кәсіпкер үлкен мүмкіндікке ие болды

Жобаның мақсаты – табысы аз, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандарға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау көрсету.

«Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы – қала тұрғындарына өз үйінде кәсібін ашуға зор мүмкіндік. Аталған жобаны Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов та қолдап, игілікті шара жүзеге асуда, деп хабарлайды Sn.kz.

Жалпы, бағдарламаға қатысуға Шымкент қаласынан 23 отбасы тіркелген. Жобаның мақсаты – табысы аз, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандарға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау көрсету.

Осы жоба аясында Қайрат Жауғаш отбасылық кәсіпті бастады. Оның 4 баласының 3-еуі мүмкіндігі шектеулі. Жұбайы Мадина Тайжанова екеуі жағдайын жақсарту үшін дүңгіршек ашып, іске кірісті. Тәтті тоқаш, самса, тауық етін пісіріп, сатуды қолға алды. Әрекет етті, қолдайтындар да табыла кетті. Жуырда ғана республикалық «Менің кәсібім» жобасы бойынша кондитерлік тағамдар пісіретін қажетті құралдарға қолы жетті. 

– Мемлекет көңіл бөліп жатқаннан кейін біз де кәсіп бастауға ниеттендік. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 3 ай арнайы курста оқып, 1 ай іс-тәжірибеден өттім. Өзімнің жобамды қала әкімдігіне ұсынып едім, олар да қолдады. Тегін жер берді. «Атамекен» палатасы арқылы алған мемлекеттік грантқа осы дүңгіршекті тұрғыздық. Әрбір тиынымызды мақсатты жұмсадық. Бұған дейін көше бойында көже, самса пісіріп саттық. Келіншегім дайындап береді, мен сатамын. Уақыт сәтімен осы дүңгіршекті ашуға қол жеткіздік, – дейді отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейткен Қайрат Жауғаш.

Ол 419 835 теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алған. Барлық жинаған қаражатына дүңгіршекті 3 айдың ішінде тұрғызыпты.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#кәсіпкер