12.01.2016, 11:33

Қазақстандықтардың гомосексуалдарға деген көзқарасы қандай?

Гомосексуалдарға деген көзқарасыңыз қандай?  "AS Актив" қоғамдық бірлестігі ел тұрғындары арасында дәл осындай тақырыпта сауалнама жүргізіпті. Оған Қазақстанның жеті қаласынан 500 адам қатысқан. Нәтижесінде, сұралған тұрғындардың жартысынан астамы гейлер мен лесбилерді мүлдем қолдамайтынын және оларға жаза қолдану керектігін айтыпты. Бұл жайында "Новости-Казахстан" АА хабарлап отыр.

Бірлестік өкілі Сергей Астафьевтің айтуынша, белсенділер тура 500 адамды (252 ер, 248 әйел) сұрақ астына алған. Сауалнама Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Риддер, Зыряновск және Шемонаиха қалаларында жүргізілді.

"Біздің тәжірибемізге қатысқан 500 адамның ішіндегі 12-сі өздерін ЛГБТ өкілдері екенін, ал, 9-ы гомосексуалдар екенін айтқан. Сондай-ақ, тағы үш адам өзінің бисексуал екенін мойындапты. Айта кету керек, Риддерде, Семейде, Зыряновта және Шемонаихада ЛГБТ өкілдері жоқ" деді Астафьев бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, сұралғандардың 347-сі гомосексуализмге агрессивті көзқараста екенін білдірген. Ал, 153-і гейлерді қолдамаса да оларға жамандық тілемейтіндерін көрсетіпті.