02.12.2019, 16:16

Алматыда Бекхожинаға арналған көрме өтті

Көп жылдар бойы фольклор экспедициясы құрамында болған ол Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген көптеген әндерді (1500-ден астам) нотаға түсіріп, жазып алды.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әнші, музыкатанушы Талиға Бекхожинаның  (1919-1995) 100 жылдығына арналған «Қазақтың алғашқы музыкатанушы қызы» атты кітап көрме­сі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sn.kz.

Талиға Бекхожина 1919 жылы 11 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Алматы консерваториясын бітірген.  Талиға Бекхожина шығармашылығын әнші болудан бастады. 1941-1958 жылдар аралығында Қазақ филармониясының әншісі болды. Ұлы Отан  соғысы жылдарында концерттік бригада құрамында жауынгерлерге өнер көрсетті. 1962-1980 жылдар аралығында  Қазақстан Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінде кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді.

Көп жылдар бойы фольклор экспедициясы құрамында болған ол Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген көптеген әндерді (1500-ден астам) нотаға түсіріп, жазып алды. Ол «Қазақтың 200 әні» атты  сирек кездесетін әндердің библиографиялық жинағының, сонымен қатар эпос, айтыстар мен халық әндері және күйлеріненнен тұратын - «Қазына», «Даламның назды саздары» музыкалық және этнографиялық жинақтарының авторы. Халық шығармашылығының орындаушылары жайында деректер жинады.

Т. Бекхожина ақын, композитор Шәкәрім Құдайбердиевтің (Құдайбердиев Ш. Аманат. -  Алматы: Өнер, 1989. – 128 бет) шығармалар жинағын құрастырды, оған алғы сөзін жазды.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының кітаптар, ноталар және мерзімді басылымдар қорынан Талиға Бекхожинаның  өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылған.

Тегтер: көрме