Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетіндегі рекреациялық география және туризм кафедрасының ұйымдастыруымен «Туризм саласын дамытудың қазіргі заманғы мәселелері» атты VIII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Конференция география факультетінде құрылған туризм кафедрасына 23 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қатысушылар алдымен кафедраның негізін салған, отандық географиялық туризм мектебінің іргетасын қалаған география ғылымдарының докторы, профессор С.Р.Ердәулетовты құрметпен еске алды. Бүгінгі таңда рекреациялық география және туризм кафедрасы білікті ғылыми және педагогикалық кадрларды, Қазақстанның туризм және қызмет көрсету саласындағы мамандарды даярлаудың көшбасшысы болып табылады, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты дамытады, елдің тартымды туристік имиджін қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
Конференцияға алыс және жақын шетел университеттерінің, Қазақстанның бейінді жоғары оқу орындарының, қоғамдық туристік ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдері, туристік әкімшіліктердің өкілдері қатысты.
Конференцияны университет басшылығы атынан география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, профессор В.Сальников сөз сөйлеп ашты.
Конференция аясында туризмді аумақтық ұйымдастыру, туризмдегі және қонақжайлықтағы ғылыми зерттеулер, ішкі және кіру туризмін дамытудың аймақтық аспектілері, туризм және қонақжайлық саласы үшін мамандар даярлау, туристік бизнестегі инновациялық шешімдер мен smart-технологиялар, туристік қызмет көрсету сапасын басқару, туристік дестинацияларды жылжыту, туризм мен қонақжайлықты жоспарлау, Ұлы Жібек жолындағы туризм, туризмнің перспективалық түрлері және туристік қызмет бағыттары талқыланды.