Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ұлтық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі академиясында «Әскери терминдерді біріздендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараны тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеология жұмыстары жөніндегі басқарманың тіл саясаты және БАҚ жұмысы бөлімі мен арнайы тактикалық факультетіне қарасты кәсіби тілдер дайындығы кафедрасының ұжымы ұйымдастырды, деп хабарлайды Sn.kz.
Жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР ҰҚК Академиясы және Алматы гарнизоны бойынша орналасқан әскери оқу орындарының тіл жанашырлары мен Шекара қызметі академиясының магистранттары, доктаранттары, баспасөз өкілдері қатысты.
Шара барысында алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген академия бастығының орынбасары, полковник Жанат Сейітов Елбасының Жолдауларының бірінде ана тілімізге қатысты айтқан ойларын жеткізе отырып, мемлекеттік тілде сөйлеу әрбір шекарашының парызы екенін атап өтті.
Дөңгелек үстелдің секциялы отырысында мамандар талқысына шекарашылар арасында жиі айтылатын (застава, отряд, наряд және т.б) немесе жазылатын терминдерді біріздендіру мәселелері ұсынылды. Әскери терминдердің тілдік сипаты, шекара саласында нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде ресми тілдің қолданылу нормалары қарастырылды.
Шараны өткізудің негізгі мақсаты – әскери терминдерді біріздендіріп, ғылым тілі ретінде дамыту тұрғысында қарастыру және шекара саласына қатысты терминдерді іріктеу мен ресми бекітуге қойылатын негізі талаптарды айқындау.
Шара соңында қатысушылар ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы, полковник П.Поливановтың қолы қойылған мақтау қағаздарымен марапатталды. Рухы биік, айбынды әскер қашанда ел тұғыры. Олай болса, әскери саладағы мемлекеттік тілдің дамуы айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Себебі қазақ тілінде сөйлейтін сарбаздың Отанына деген патриоттық сезімі де биік болады.