Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Оразбаева Фаузия Шәмсиқызының 70 жылдық мерейтойына орай «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша шығарылған «Өнегелі өмір. Фаузия Оразбаева» атты кітаптың тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
«Фаузия Шәмсиқызы, сіз Қазақстанда тілдік қатынас теориясы және әдістемесінің қалыптасуы мен мемлекеттік тілді көпдеңгейлі оқытудың жаңа үлгісін ұсынып, негізін салған ғалым-ұстазсыз! Тілтанымды өміріңіздің алтын қазығы санайтын ғалым-ұстаз ретінде cіз ұлт топырағында оқу-әдістемелік үрдістің жаңа мектебін қалыптастырдыңыз. Сіздің ұлт руханиятына, қазақ тіл білімі мен ғылымына сіңірген айрықша еңбектеріңіз, ізденіс пен еңбекке толы өмірлік жолыңыз жеткіншек буын, жас ұрпаққа әрдайым үлгі», - деді салтанатты жиынды ашқан құттықтау сөзінде университет ректоры Ғалым Мұтанұлы.
Ғалымның ұлт руханиятына, қазақ тіл білімі мен ғылымына сіңірген еңбектері туралы профессорлар Әлімхан Жүнісбек «Әдіскер-ғалымның төл әдісі», Манкеева Жамал «Қатысымдық әрекеттің тілтанымда зерттелуі», филол.ғ.к. Қасенов Ерлан «Ұстаздығы ізгілікпен астасқан...», факультет деканы Әбдиманұлы Өмірхан «Университеттің мақтан тұтар түлегі» атты тақырыптарда баяндамалар жасады.
Ғалымның адамдық-тұлғалық болмысы, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосып жүрген зор үлесі, осы кезге дейін жарық көрген 7 монография, 50-ден астам оқулық, 75 оқу құралы, 500-ге жуық ғылыми мақалалары ұстаздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының нақты айғағы екендігі туралы баяндамаларда жан-жақты қамтылды. Ғалымның әл-Фарабидей әлемдік ғұламаның атын иеленген осы қасиетті білім ордасының түлегі екендігін, университет қабырғасында жемісті еңбек еткендігін, бүгінде ҚазҰУ-дағы әріптестері мен кейінгі буын шәкірттер әрдайым мақтан тұтатынын айта келіп, университет ректоры Ғалым Мұтанұлы әл-Фараби Күміс медалімен марапаттады.
Өнегелі өмірдің нағыз үлгісін танытып жүрген ғалымның ізденіс пен еңбекке толы ғибратты ғұмыры әрине кейінгі буынға үлкен өнеге екендігі анық.