Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған «Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды Sn.kz.
Көрменің мақсаты: әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орны мен рөлін, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның үлесін көрсету.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме екі бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлімде музей қорындағы атом полигонын жабудағы Тұңғыш Президенттің рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған материалдар көрсетіледі;
Екінші бөлімде музей қорындағы алғашқы кеңестік атом бомбасын құру туралы құжаттар, Семей полигонының орналасу картасы, фотоқұжаттар, газет, кітап, плакат және басқа да заттай деректер қойылған. Келушілерді ҚР Президенті мұрағатының құжаттық материалдары мен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ерекше қызығушылық тудырады.
Көрменің материалдарымен алғаш танысқан мектеп оқушылары жүректі түршіктіретін суреттерді көріп, кезінде Елбасының оңды шешім қабылдағанын түсінді. Туған даланың аспаны бүгінгі күні ашық екеніне риясыз сеніммен музейден көңілдері көтеріліп қайтты.