Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың назарына велосипед желісін құру бойынша бес жылдық стратегия таныстырылды. Жаңа стратегияны «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Velocity» қоғамдық қоры Copenhagenize Dezign Company қатысуымен бірге әзірлеген, деп хабарлайды Sn.kz.
Қала басшысына жобаны Copenhagenize Design Co компаниясының бас директоры Мортен Кэйблл таныстырып өтті. Жаңа жобада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау сияқты басым бағыттар қарастырылған.
Атап айтқанда, қолайлы қала ортасын құру, жолдар мәселелерін жеңілдету, қала тұрғындарын салауатты өмір салтына тарту және туризмді дамыту мәселелері ескерілген. Велостратегия 5 кезеңнен тұрса, бүгінде қалада оның 4 кезеңі аяқталған. Бұған дейін жасалған инфрақұрылымға бес жылдық жоспар бойынша 250 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Ал оның 50 шақырымын 2020 жылы аяқтау көзделуде.
Инвесторлардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан 40 велостансадан бөлек тағы 50 станса құру көзделіп отыр. Велосипед желісін дамыту бойынша ұсынылған жобаға әкім өзінің бірқатар ұсыныстарын айтып, төрт жолақты көшелерді қысқартып, оны веложол жасауға қарсы екенін жеткізді. Себебі, халқы тығыз орналасқан мегаполисте көлік кептелісі жиі орын алатынын және тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтті.
Сондықтан шаһар басшысы бес жылдық жоспарда веложолды ең алдымен жасыл белдеу аумағынан бастап салуды ұсынды. Жиынды қорытындылаған Ерлан Айтаханов аталған велосипед стратегиясын қолдайтынын, жоба нәтижелі іске асырылу үшін арнайы жұмысшы топ қайта қарау керектігін айтты.