03.12.2019, 10:56

Алматыда «Рухани жаңғыру» аясында қайырымдылық шарасы өтті

Мүмкіндігі шектеулі 175 бүлдіршін қатысқан жиынға Алматыдағы ірілі-ұсақты меценаттар мен әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мұрындық болды.

Алматыда Халықаралық мүгедектер күніне орай қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлайды Sn.kz. 

Аталмыш іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, жергілікті әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған.

Қайырымдылық акциясын қолдауға  қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары да келіп қатысқан. Мүмкіндігі шектеулі 175 бүлдіршін қатысқан жиынға Алматыдағы ірілі-ұсақты меценаттар мен әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мұрындық болды. 

Келген қонақтарға белсенділер дастарқан жайып, сый-сыяпат көрсетті. Ал суретшілер тобы аква-гримм жағу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Балғындардың өзі мерекелік шоуға қатысып, хореографиялық және сахналық көріністер қойды.

«Бұл қайырымдылық шарасы бекер ұйымдастырылып жатқан жоқ. Адамдардың жүрегінде мейірім оянсын деген ниетпен жасалып отыр. Бүлдіршіндерді «Арди», «Мейірім» оңалту орталықтарынан және Жетісу ауданынан шақырдық», - деді меценат Сәуле Наурызбаева. 

Қайырымдылық акциясын қолдауға қазақстандық эстрада жұлдыздары да келді. Әртістер мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндермен бір сахнада би билеп, оларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

«Мен осындай қайырымдылық шараларға жиі қатысамын. Оның өзіндік себебі де бар. Мұндай жиынға қатысу әрбір әртістің міндеті деп санаймын. Тек балғындар үшін ғана емес, ересек жандар үшін де жасалып жатқан дүние бұл», - деді әнші Айжан Нұрмағамбетова. 

Тегтер: қайырымдылық