07.12.2019, 11:42

«Рухани жаңғыру»: Алматыда қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны артты

Қазіргі таңда Алматыда 128 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде білім алады екен.

Алматыда қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны артты, деп хабарлайды Sn.kz. 

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында алматылық мұғалімдер БАҚ өкілдерімен кездесіп, Алматыдағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша білім және ғылым саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктер туралы айтып берген. 

Қазіргі таңда Алматыда 128 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде білім алады екен. 

Егемендігімізді жариялаған елең-алаң уақытта Алматыда қазақ тілінде білім алатын 15 мыңға тарта оқушы, 162 мектеп болған. Оның тек 13-і ғана қазақ тілінде білім берген. Егемендікті ала сала оқушылар сол 13 білім ошағына ағылып ауыса бастаған. Тіпті әліппені орысша бастап, 2-3 сыныпта қазақ мектебіне ауысқандар көп болған дейді алматылық мұғалімдер. Тәлімгерлердің көптігіне қарамастан, ұстаздар талай ұлы тұлғаларды тәрбиелеп шыққан.

Тәуелсіздік алған жылдары Алматыда небары 13 қазақ мектебі болған. Соның бірі һәм бірегейі – осы Шоқан Уәлиханов атындағы мамандандырылған №12 гимназия. Елдің егемендік алуына септескен талай тұлғалар осы ғасырға жуық тарихы бар білім ошағынан түлеп ұшқан.

«Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздік алғаш алған жылдары елімізде қандай жағдай болды. Қазіргі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Содан бері білім саласы өте қарқынды дамыды деп айтуға болады. Қазіргі таңда оқушыларымыз көптеген жетістікке жетіп жатыр», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Бибігүл Қабисалыққызы. 

45 жыл ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Әсия Шортан егемендік алғаннан кейін білім беру саласы күрт өзгергенін айтады. Кезең-кезеңімен жаңа оқу бағдарламалары енгізіліп, оқытудағы тың әдістер қолданыла бастаған. Тәуелсіз елдің балалары да мектепке үйренуге деген құлшыныспен келетін дейді.  

«Бәрін қолмен жазып, былғап алып, қысқасы небір нелер болды ғой кішкентай балаларда. Әрине, оңай болған жоқ білім беру. Барлығын қолмен дайындау, үйге берілген тапсырманы жазып беру, үйрету бәрі қолддан істелінетін», – деді Алматы қаласы Ш. Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Әсия Шортан. 

Тәуелсіздігімізді жариялағалы бері тура 28 жыл өтті. Осы уақыт аралығында білім саласында түрлі реформалар орын алды. Білім беру әдістері де өзгертілді. Ұстаздар жыл сайын тәжірибелерін арттырып тұрса, білім ошақтары соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталып жатыр. Ал, алматылық оқушылар, пәндік олимпиадалар мен халықаралық байқауларда топ жарып жүр. 

«Барлық мектептерде интернет бар. Барлық мектептерде компьютер бар. Мультимедиалық тақталар бар. Кабинеттердің барлығы жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталған. Ол, әрине білім саласының артуына өзінің үлкен ықпалын етеді», – деді Алматы қаласы білім басқармасының бас маманы Бибігүл Қабисалыққызы.  Аталған сала 30 жылға жуық уақытта айтарлықтай дамыды. Осы күні Алматыда 205 мектеп бар. Оның 68-і қазақ тілінде. Мемлекеттік тілде білім алып жатқан оқушылардың саны 128 мыңнан асады. Бұл –Тәуелсіз ел тарихының бір ғана парасы.

Тегтер: оқушылар