Алматыдағы халықаралық «Мирас» мектебіне 20 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Аталмыш іс-шараға Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсеткен. Және ұжымды мерейтойлық мейраммен құттықтауға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келіп қатысқан. Құттықтау сөзінде қала басшысы «Мирас» Халықаралық мектебі секілді халықаралық деңгейдегі мектеп өзгелерге үлгі болатынын айтты.
Білім ошағы айтулы датаны ауқымды түрде тойлады. Мерекелік шараға Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоғамдық Қорының директоры Динара Құлыбаева, Біріккен ұлттар ұйымы мен ЮНЕСКО өкілдері қатысқан. Мәртебелі меймандар алдымен мектеп ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін арнайы ұйымдастырылған концертті тамашалады.
Шарада сөз алған қала басшысы Бақытжан Сағынтаев ұжымды мейраммен құттықтады.
«Мирас мектебі бір отбасы секілді. Білім ошағынан түлеп ұшқан оқушылар бүгінде әлемнің түпкір-түпкіріндегі жоғарғы оқу орынбарында білім алып жатыр. Жалынды жастарды тәрбиелеп шығарған қара шаңырақ өзгелерге де үлгі.
Дәлел ретінде айтайын, өткен аптада қаламызда Инвест форум өтті. Сонда жиыннан кейін маған шетелдік инвесторлар келіп, бізге қаладан жер берсеңіз, біз осы Мирас секілді халықаралық мектеп салғымыз келеді деген еді. Сондықтан осы қалыптарыңыздан таймай, әрі қарай өсе беріңіздер», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
1999 жылы «Н.Назарбаев Білім Қоры» Қоғамдық Қорының бастамасымен Алматы қаласында алғаш рет Халықаралық «Мирас» мектебі ашылды.
Халықаралық «Мирас» мектебі - Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Бакалавриат бағдарламасының философиясы мен оқыту қадамдарын ұлттық білім беру стандарттарының мазмұндық компоненттерімен кіріктіру арқылы жаңа педагогикалық технологиялар және оқыту әдістемесін енгізетін мектептің инновациялық үлгісі болып табылады.
Қазіргі кезде «Мирас» мектебі – 3 жастан 18 жасқа дейінгі студенттерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытатын үздіксіз білім беру кешені.