Бірнеше күн бұрын Ресейдің «Дятлов асуында» ер адамның үсіп өлгендігін БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Марқұм осыдан 57 жыл бұрын белгісіз себептермен қырылып қалған Игорь Дятлов пен оның серіктерінің неден қаза тапқанын зерттемек болған көрінеді. Бүгін белгілі болғандай, қайтыс болған Олег Бородин Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы екен. Бірнеше жыл бұрын ол Ресейдің Челябі қаласына көшіп кетіп, сол елдің азаматтығын алған.
47 жастағы туристің мәйітінің жанынан жеке құжаттары мен фотоаппараты табылды. РФ Тергеу комитеті өкілдерінің айтуынша, Бородиннің денесінде зорлықтың белгілері жоқ, оның үсіп өлгені айдан анық дейді олар.
Айта кетейік, тылсымға толы «Дятлов асуынан» Олег Бородиннің өлі денесін туристер тобы тауып алған. Ол бірнеше метрде орналасқан үйшікке жете алмай қайтыс болыпты. Синоптиктердің айтуынша, сол күні асуда ауа температурасы -30 градустан төмендеп, жел секундына 30 метр жылдамдықпен соққан.
«Дятлов асуы» турист Игорь Дятлов тобының атымен аталады. Тоғыз адамнан тұратын аталған топ 1959 жылдың ақпан айында осы асуда белгісіз себептермен қайтыс болған. Олардың өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылғанымен, нақты себебі әлі белгісіз. Архивтік құжаттарда көрсетілгендей, Дятлов серіктерімен бірге белгісіз нәрседен қорқып, жан-жаққа қашқан. Олардың мәйіттерінен мамандар түрлі жарақатар анықтады. Сондай-ақ, олар түнеген күркенің өткір затпен жыртылғаны да белгілі.