Тараз қаласының іргесіндегі қоғамдық дәретханалардың біріне тасталған сәбиге бүгін ат берілді. Бұл жайында Т.Рысқұлов ауданы білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.
"Құжаттары бүгін қолға тиді. Нәрестенің аты-жөні - Жансая Мәжіғұлова, туған күні - 3 қаңтар 2016 жыл. Қыздың атын әжесі, яғни анасының анасы қойып отыр. Тегі болса анасы жағынан берілген. Әкесі жоқ болғандықтан құжатта әкесінің аты көрсетілмейді" деді Өтеулиева.
Оның айтуынша, нәресте 20 қаңтардан бастап Тараз қаласындағы "Үміт" сәбилер үйіне беріледі екен. Ол үшін қазір қажетті құжаттардың барлығы жиналған. Оған дейін Жансая ауруханада болады. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы, денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.
Естеріңізге салайық, 3 қаңтар күні Жамбыл облысындағы "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолының бойында орналасқан қоғамдық дәретханалардың бірінен жолаушылардың бірі жаңа туған сәби тауып алған болатын. Анасы оны босанып, дәретхана шұңқырының ішіне тастап кеткен. Абырой болғанда, нәресте аман қалып, оған дер кезінде көмек көрсетілді. Ал, 21 жастағы жас ана болса ертесіне қолға түсіп, қазір тергеліп жатыр.