Өткен жылдың 22 қарашасы күні түнде "Лексус" жол талғамайтын көлігімен жолдың қарсы бағытына шығып, ірі жол көлік оқиғасын жасаған Мұрат Тәнкеевтің ісі сотқа өтті. Аталған апат салдарынан "Ауди" көлігінде болған төрт адамның барлығы қайтыс болған еді. Ішінде кішкентай екі бала да бар.
Марқұмдардың туыстары мәселені сотқа жеткізбей, оқиға орнында шешкісі келген болатын. Өйткені, кінәлі жігіт кешірім сұраудың орнына ішкі істер органдарында жұмыс істейтін ағасы барын және өзінің жазадан құтылатынын айтқан. Кейінірек белгілі болғандай, "Лексус" мінген байдың баласы көлікті спирттік ішімдік ішіп жүргізген екен.
Арада екі күн өткеннен кейін орын алған сот процесінде Тәнкеев алғашқыдағыдай емес, жуасып қалғанын көрсетті. Сот отырысын телекамералар түсіріп жатқанын көрген ол дереу марқұмдардың туыстарынан жылап кешірім сұрап, өзінің кез-келген жазаға лайық екенін айтты.
- Кінәмді толық мойындаймын, қайтыс болғандардың туыстарынан кешірім сұраймын, барлық туыстарынан және халықтан кешірім сұраймын. Мені барынша ауыр жазалауын сұраймын, - деді Тәнкеев сот процесі кезінде.
Қалай болғанда да төрт бірдей адамның қанын арқалаған күдіктінің тағдырын енді сот шешеді. Ал, полицейлер болса Тәнкеевтің бұған дейін де кісі өлтірмек болғандығын айтып отыр. Ол кезде байдың ерке баласы жазадан оңай құтылыпты. Атап айтар болсақ, осыдан 2-3 жылдай уақыт бұрын Мұрат Тәнкеев Алматыдағы ЖОО автотұрағында өзге көлікпен орын бөлісе алмай, оның жүргізушісінің басынан травматикалық тапаншамен атып салған. Алайда, тараптардың ымыраға келуіне байланысты, іс сотқа жетпей жабылыпты.