16 желтоқсанда таңертең Шымкентте Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің тақтайшасы ілінген жерге гүл қоюға баруға шыққан белсенді Дәулетбек Насыровты полиция аялдамада тұрған жерінен ұстады. Таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Азаттық радиосына хабарласқан белсенді өзінің Абай аудандық ішкі істер бөлімшесінде отырғанын айтты.
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қалада бірнеше белсендінің үйін полиция кешеден бері күзетіп, сыртқа шығуына мүмкіндік бермей жатыр.
Орал қаласында журналист, азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедьяров та таңертең өзін полиция бөлімшесіне апара жатқанын айтты.
- Қазір ғана үйімнің алдынан ұстады. Мені қазір полицияға апара жатыр. Полицияның айтуынша, тергеуші бір қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізуге тапсырған. Қандай іс екенін нақты білмейді, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Әлеуметтік желідегі хабарламаға сәйкес, осыған ұқсас оқиға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және өзге қалаларда болып жатыр.
Алматыда Айнұр Искакова есімді азамат Facebook-та тікелей эфирге шығып, өзін полицияның "шақырусыз" бөлімшеге алып кетпек болғанын хабарлады.
Алматылық белсенді Құрал Сейітханұлы таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Facebook-тағы парақшасында "Мен ұсталып қалдым. Екі күн бұрын басқа пәтерге көшіп едім. Осы жаңа ғана үйге үш полиция келді. Бүгін кешке дейін не үйіңде отырасың немесе РОВД-да отырасың" деп жазды.
Полиция оқиғаға байланысты әзірге түсініктеме бермеді.
Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған жиырмадан астам белсенді қамалған еді. Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді "болдырмау амалы" деп есептейді. Бір күн бұрын бас прокуратура 16 желтоқсанда митингіге шықпауға шақырып, шеруге шыққандар "жазаланатынын" ескерткен.