$ 524.65  552.19  5.14

«Мен енді тарихқа сенбеймін»: Жаңаөзен қырғыны жайындағы ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңі

Бейуақ жанға түскен жараны қалай, емдер кім.

Skifnews.kz ақпарат порталы Жаңаөзен қырғыны жайындағы ақын Тоқтарәлі Таңжарық өлеңін назарларыңызға ұсынады. 

...Мен енді тарихқа сенбеймін,

Оның бұлыңғыр тұманына шөккен қасіреттер қаншама?!

Бейуақ жанға түскен жараны қалай, емдер кім.

Мезгіл дауылы ұмыттырар болса да...

Жоқ!

Оны сазды мерекелер мен 

көңілді кештер бүркей алмайды.

Қағанның ақжарма сөздері де ақталуға жеткіліксіз.

Бізге қазір Уақыттың өзі үрке қарайды:

Сағат тілі баяу сырғиды... кеш... құлықсыз...

Ұясы бұзылған бозторғайдың шырылын тыңдап көрдің бе,

Жалғызынан айырылған заржақ ана не деп боздайды?

Мұндай жоқтауды тыңдауға төзімі жетпес жердің де...

Кәрі қобыз шанағы нені козғайды?

Көр қазған жетімектің көз жасын тыяр кім?

Азуда қоғам,

Заман азуда!

Біз неге үйірміз

НҰРЛЫ БОЛАШАҚ туралы шексіз қиялдың

Шежіресін қанмен жазуға?!

...Селт етуді ұмытқан қарт ғасыр қайғысыз есінер.

Бұл қанды қырғынның дағын, айтшы, немен жуасың?

Тәңір өзінің жазықсыз екендігін дәлелдей алмағандарды кешірер...

Бірақ ешкім қайтара алмас ҚАРҒЫС дуасын!..

Қазақ қоғамы үшін 16 желтоқсан ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары