$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте ондаған белсенді Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алды

Сағат 11 шамасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар және имамдар келіп, құран оқып, гүл шоқтарын қойды.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

17 желтоқсан күні Шымкентте ондаған белсенді 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске алды. Желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш тақтайша алдында жиналғандарды полиция күзетіп тұрды, деп жазады Азаттық. 

Сағат 11 шамасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар және имамдар келіп, құран оқып, гүл шоқтарын қойды. Екі сағаттан кейін жиырмаға жуық жергілікті белсенді келіп, құран оқумен бірге бүгінгі билікті сынап, пікір айтты.

- 1986 жылы қазақ жастары азаттық үшін күресті, қаза тапты. Бүгінгі егемендігімізді алып берді. Қаза тапқан сол жастардың рухына құран бағыштайық десек, полицейлер үйімізді күзетіп шығуға кедергі жасады, - деді белсенді Нұржан Мұхаммедов.

Белсенділер бүгінгі билікті сынап жатқанда өзін Әл-Фараби ауданы әкімдігінің өкілімін деп таныстырған шенеунік "саясат пен құранды араластырмаңыздар" деп ескерту жасады. Шенеуніктің ескертуіне қарамастан белсенділер билікті сынап пікір айтты. Белсенді Ерғали Құлбаев билік пен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні деп бекітіп "тарихты бұрмалағанына" қарсылық білдірді.

16 желтоқсан күні Шымкенттегі Қайрат Рысқұлбековтың тақтайшасына гүл қойып, құран оқытуға бармақ болған екі белсендіні полиция көшеде ұстаған. Таңертең ұсталған белсенді Дәулет Насыровты Абай аудандық полиция басқармасы түсте босатқан. Ал Жақсылық Досқайырұлын Әл Фараби аудандық полиция басқармасы алты сағат ұстаған.

Полиция екі күннен бері Шымкенттегі Қайрат Рысқұлбековке қойылған ескерткіш тақтайша маңын торуылдап жүр.

17 желтоқсан - Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күні. 1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Мәскеудегі билік Қазақ ССР-інің басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып, орнына республикаға бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындаған. Бұл шешімге наразылық білдіріп Алматыдағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік қатыгездікпен басып-жаншыған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары