Түркістан облысында 2019-2024 жылдар аралығында 55 мың орындық 184 мектеп салынуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір өңірде 51 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін соның үшеуі пайдалануға беріледі. Аталған нысандар толық салынып біткенде өңірдегі мектеп мәселесі айтарлықтай жақсармақ.
Әсіресе, бұл жаңалық сабаққа бару үшін 3 шақырым жолды жаяу жүріп өтетін Түркістан қаласының іргесіндегі Иқан ауылының оқушыларын ерекше қуантып отыр. Қазір бұл ауылда заманауи үлгідегі 300 орындық мектеп салынып жатыр.
Иқан – Түркістаннан 7 шақырым жерде орналасқан үлкен ауыл. Мұнда 1600 орындық 4 мектеп бар. Алайда, оқушылардың саны 4 мыңға жуықтайды. Соңғы жылдары ауылда мектеп тапшылығы сезіле бастаған. Оның үстіне ауыл аумағы да үлкейіп, жаңа мөлтек аудан балалары 3 шақырым жолды артқа тастап, ескі мектепке баруға мәжбүр.
Гүлбибі Құрманова, 11-сынып оқушысы:
- Бізде кішкентай оқушылар таңда оқитын оқушылар қатты қиналады. Өйткені қыста қараңғы болады. Жолға бір сағат уақыттары кетеді мектепке. Енді келесі жылдан бастап осы жаңа мектепке баратын боламыз.
3 жыл бұрын облыстық мәслихатқа мектеп салу туралы ата-аналардан өтініш түскен. Сол бойынша қалалық білім бөлімінен арнайы комиссия құрылып, сараптама жасалған. Нәтижесінде 2018 жылы мектеп салу қажеттігі туралы мемлекеттік акт алынып, мектеп құрылысына қаржы қаралған. 300 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл жазда басталды. Мұнда 50-ден астам жергілікті жұмысшы еңбек етуде. Қазір үш бөліктен тұратын ғиамартың біреуінің қыш қалау жұмыстары аяқталып, төбесі жабылып жатыр.
Бейбіт Сарбасов, прораб:
- Бұл мектеп үш бөліктен тұрады. А, Б, В блоктарынан. 1-ші В қабатын жабуға кірістік. Ал, А блогының 1 қабаты бітіп, плиталары қойылып жатыр. Ал ортадағы спорт залда монолитті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық материалдар толық қамтылған. Негізінде 2020 жылдың 1 қыркүйегінде берілуі керек. Біз одан бұрын тапсыруға тырысып жатырмыз.
Зуппархан Чалданов, облыстық мәслихат депутаты:
- Екі апта бір рет келіп, ауыл ақсақалдары құрылыс жұмыстарын тексеріп кетеді. Осы ауылдағы Иқан мектебі 1968 жылы, ал Яссауи атындағы мектеп 1978 берілген. Ол кезде ауылдық жерде 1-сыныптағы оқушылар саны 30, қалада 35 болатын. Қазір ауылда – 20, қалалық жерде – 25. Соның барлығы мектептерге қосымша материалдық базаны қажет етеді.
Ресми мәлімет бойынша 900-ден астам мектебі бар өңірде білім ошақтарының дені тәуелсіздікке дейін салынған. Сондықтан олардың көбі бүгінгі білім стандарттарына сай келмейді. Оның үстіне қазіргі талап бойынша оқушылар бірнеше сабақта бөліп оқытылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2019-2024 жылдар аралығында 55 мың орындық 184 мектеп салынуы тиіс. Қазір өңірде 51 мектептің құрылысы жүріп жатыр.