19.12.2019, 10:15

Зорланған 9 жастағы қыз оқиғасы: «педофил» атанған азамат полицейлердің ісіне наразы

Алайда, өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылар Нұрланның суретін жариялап, қыз баланы зорлады деп айыптаған.

Ақтөбенің жергілікті тұрғыны Нұрлан Шандин қателесіп, өзін педофил деп айыптағандардың үстінен облыстық прокуратураға шағымданған, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

Таяуда қалалық полицейлер 12 желтоқсанда тоғыз жастағы қызды зорлады деген күдіктіні ұстаған. Ол 21 жастағы жігіт болып шықты. Алайда, өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылар Нұрланның суретін жариялап, қыз баланы зорлады деп айыптаған. Негізінде төрт баланың әкесінің бұл іске еш қатысы болмаған.  

Енді ер адам құзырлы органдардан түсіндіру жұмыстарын күтіп отыр. Оны кінәсіз деп табуын талап еткен. "Мені бөлімге апарып, бір сағат бойы кінәні өз мойныма алуыма мәжбүрледі. Сосын екі адам пәтерімді ақтарды, көлігімнің багажындағы заттарды алып кетті. Таңғы төртке дейін сұрау алды. Сосын олардан шыққан соң интернеттен "Зорлықшыларға өлім" деген атпен пікірлерді оқыдым, өз өмірім үшін алаңдай бастадым", - дейді ақтөбелік. 

"Осы азаматқа қатысты іс бойынша, ол полиция бөлімшесіне жеткізілген. Шынымен де куәгер ретінде сұрау алынды, бірақ, күдікті ретінде емес. Сондай-ақ, оның қорғаушы алуына мүмкіндік берілді. Ол куәгер ретінде сұрады, оның бұл іске еш қатысы жоғы анықталды", - дейді прокурордың орынбасары Бауыржан Мендебаев.

Тегтер: Педофил