$ 494.87  520.65  4.91

Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына қатысты тергеу амалдары басталды

Арман Молдашев ведомствоның мамандары оқиға орнында тағы бір мәрте баратынына уәде берді.

Атырауда Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына қатысты тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау МӨЗ-дің су көтеретін станциясы аумағындағы қырылған балықтың видеосы әлеуметтік желілерде 19 желтоқсанда пайда болған еді. 

Бүгін дәл сол аумақта мамандар су сынамасын алды және өлі балықтарды теріп алды. 

«Судан алынған өлі балықтар зертханаға жөнелтілді. Мамандардың қорытындысынан кейін балықтың неден қырылғаны белгілі болады», - деді Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің бас маманы Ақмарал Қаукенова. 

Атырау облысының аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысының міндетін атқарушы Арман Молдашев бүгінгі брифингте балықтың браконьерлік тордан қырылуы мүмкін деген бір болжам айтты. Алайда әлеуметтік желілерге тараған видеоларда балықтың денесінде ешқандай зақымның болмауы бұл нұсқаны жоққа шығарады. 

Арман Молдашев ведомствоның мамандары оқиға орнында тағы бір мәрте баратынына уәде берді. Балықтың қырылу жағдайын тергеуге ведомствоаралық комиссия жұмылатынын айтқан ол аталмыш комиссияның өткен жолғы жағдайда да жұмыс жүргізгенін атап өтті. Айта кетсек, 2018 жылдың желтоқсанында 110 тонна балық қырылған еді. Өткен жылы Жайықтағы балықтың улануына қатысты айыпталған кәсіпорын басшыларына қатысты сот процесі жүріп жатыр. 

Алайда Жайықтағы балықтың қырылуына қатысты нақты айыпты адамның кім екені белгісіз. А.Соколов

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Жайық