18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде биылғы жылы "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрме жобасын іске асыру қорытындылары бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Мәлім болғандай, "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" жобасы шетел жұртшылығын халқымыздың ежелгі тарихымен, мәдениетімен және өнерімен таныстыру мақсатында іске асырылып жатыр.
Биыл Есік қорғанынан табылған Алтын адам әлемнің алты жетекші музейінде көрсетілді. 2019 жылы бірінші болып "Ұлы дала: тарих және мәдениет" көрмесі Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына "Қазан Кремлі" мемлекеттік қорық-музейінде таныстырылды. "Манеж" көрме залында Алтын адаммен қатар, Ұлы Даланың ежелгі және ортағасырлық зергерлік өнер шеберлерінің бұйымдары ұсынылды. Баспасөз конференциясына қатысқан Қазан қаласындағы Ислам мәдениеті музейінің басшысы Низамиев Илнур Илдарұлы көрменің жоғары мәдениет пен археологияның мерекесі болғанын атап өтті.
Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде сәтті өткізілген "Ұлы Дала: тарих және мәдениет" атты келесі көрмелерде басты экспонат болған Есіктен табылған Алтын адаммен бірге Тақсай ханшайымы да ұсынылды. Көрме жәдігерлері дала өркениеті тарихының, көшпелі империялардың ұлы жеңістері мен өрлеуінің айғақтары.
Көрмелерде атқа міну мәдениетінің қалыптасуы, ежелгі металлургияның дамуы, сақ кезеңіндегі "Аң стилінің" дамуы мен сабақтастығының ерекшелігі, Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қала мәдениетінің дамуына әсері жан-жақты қамтылды. Шетелдік аудиторияға қазақтардың ұсынылған дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерінің бұйымдары арқылы қазіргі Қазақстан аумағында тұратын халықтардың дәстүрлері мен өнерінің сабақтастығы және әр экспонаттың терең мағыналық мәні көрсетілді.
Үш жыл ішінде Қазақстан символы — "Алтын адам" таяу және алыс шет елдердің 12 елінде ұсынылды.
Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Шайкенұлы Нұразхан, Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Салиховна Файзиева, Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық музейінің директоры Горан Санев, Қазан қаласындағы Ислам мәдениеті музейінің басшысы Низамиев Илнур Илдарович, Түркияның Анатолий өркениеттері музейінің директорының орынбасары Мұрат Йылдырым, Табиғи тарих музейі директоры Фаризавати бинти Сабри, Афина эпиграфиялық музейі директорының орынбасары Иоанна Вениери қатысты.
В. Файзиева осындай көрме жобалары әрдайым тек ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің ғана емес, сонымен қатар, музейге келушілердің басқа санатының, әсіресе өнер қайраткерлері арасында үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Көрмені Ташкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үлкен қызығушылықпен қабылдады. Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге 10 мыңнан астам адам келді, - деді ол.
Фаризавати бинти Сабри 2019 жылғы 1-31 қазан аралығында Куала-Лумпурдегі көрмеге 21104 адам барғанын атап өтті. "Аталған көрме сәтті өтті және балабақша жасындағы баладан бастап, жоғары оқу орындарында оқитындарға дейін, түрлі жастағы әртүрлі топтағы адамдардың басын қосты".
Горан Санев біздің халықтарымыздың рухани мұрасымен таныстыратын осындай көрмелер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімін білдірді, өйткені "Ұлы Дала: тарих және мәдениет" көрмесі біздің халықтарымыздың арасында көп ортақ нәрсе бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, Мурат Йылдырым түркі халықтарын одан әрі жақындастыруға, біздің халықтарымыздың тарихы туралы білімді тереңдетуге және жаңаша ашуға ықпал ететін жобаның маңыздылығын атап өтті.
"Ұлы Дала: тарих және мәдениет" көрмесін өткізу үшін өз алаңдарын ұсынған шетелдік музейлердің барлық өкілдерінің ортақ пікірі бойынша, мұндай көрмелер тек рухани өзара байытуға және қазақ халқының тарихы мен мәдениетін білуге ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамуына, мәдени байланыстардың орнап, тәжірибе алмасудың қалыптасуына жол ашады.
Бұған И. Низамиевтің 2020 жылы олардың музейі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ислам мәдениеті мен мұсылман өнері туындыларының топтамасының көрмесін өткізуді жоспарлап отыр деп айтқан сөздері куә.
Шетелдік қонақтар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Ұлы көшпенділер өркениетінің тарихымен танысу мүмкіндігі үшін, сондай-ақ, көрмелерді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Зергерлік өнер жауһарлары әр елдің көрмелерді тамашалауға келген азаматтарының рухани қабылдауында өшпес із қалдырғаны сөзсіз.
Қорытынды баспасөз конференциясы аясында атақты қазақстандық ғалым-археолог, Қазақстан ұлттық археология мектебінің негізін салушылардың бірі Кемел Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына арналған деректі фильм көрсетілді.
Бұған қоса, іс-шара барысында музей қызметкерлерінің шетелдік әріптестерімен музей ісі саласындағы тәжірибе алмасуы бойынша кездесуі өтті.
Баспасөз конференциясы аясында елорда қонақтары мен тұрғындары үшін Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан "Қазақ Алтайының қазыналары" көрмесі ашылды. Көрмеде 2018-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан қазақстандық ғалым-археолог З. Самашев басқарған археологиялық экспедиция тапқан "Елеке Сазы" қорғандарынан табығлған ежелгі сақ мәдениетінің алтын бұйымдары ұсынылды. Археологиялық олжалар б.э.д. 8-7 ғасырларға жатады. Көрмеде алғаш рет т. ғ. д., профессор З. Самашев орындаған "Елеке Сазы" қорғанындағы жетінші "Алтын адамның" ғылыми реконструкциясы ұсынылды.
Баспасөз конференциясы барысында "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрме жобасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша фотокөрме ашылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" жобасының қорытындысы бойынша баспасөз конференцияларын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Жобаны алдағы 2020 жылы да табысты жүзеге асыруды тілейміз!