$ 494.87  520.65  4.91

Құлаған ұшақ бортында болып, бір өлімнен аман қалғандар көзбен көргенін айтып берді

Аслан Назарәлиев жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласына жиі ұшады.

Құлаған ұшақ бортында болып, бір өлімнен аман қалғандар көзбен көргенін айтып берді. Олар әуе кемесіндегі 1-ші және 15-қатар аралығында отырған жолаушылардың бәрі жапа шеккенін айтады. Ұшақ көкке көтерілер алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама берілмепті. Тірі қалғандар құтқарушылар келгенше, қиранды астындағы адамдарды шығара бастаған. Көрер жарығы бар жолаушылармен КТК тілшісі тілдесіп келді.

Аслан Назарәлиев жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласына жиі ұшады. Кәсіпкер бүгін де шаруаларымен жолға шыққан. «Әдетте әуе компаниясын таңдамаймын», - дейді. Тек рейстің уақытына қарайды екен. Ал Bek Air-дің әуе кемесі таңғы жетіде болған соң, бұл жолғы таңдауы соған түскен. Сөйтіп, қаннен-қаперсіз ұшаққа отырады. Оның айтуынша, борт көкке көтерілмес бұрын қауіпсіздік бойынша ешқандай нұсқаулық берілмепті. 

Аслан Назарәлиев, Алматы қаласының тұрғыны: 

- Түсіндіру, ондай нәрсені естімедім де, көрмедім де. Мен отырған жер 15 С болды. Қасымыздағы, оң жағымыздағы терезе, есік апат есігі болған екен. Бірақ, ол туралы бізге ешкім айтқан жоқ. Мен білген жоқпын да. 

Жолаушылары жайғаса салысымен, ұшақ іле-шала көкке көтерілгенін айтады. Санаулы минуттан соң әуе кемесі шайқала бастаған. Жамандықты сезген Аслан дереу қауіпсіздік белдігін тағып, апатқа дайындалған. Ол сол сәтте ұшақ іші «азан-қазан болып кетті» дейді. 

Аслан Назарәлиев, Алматы қаласының тұрғыны: 

- Қатты сілки бастаған кезде мен ұшақтың басқарылуының жоғалтқанын түсіндім. Сонымен, қолымдағы телефонды қалтама салып, белбеушемді жақсылап тартып, құлауға дайындалдым. Сол уақытта ұшақтың тұмсығы иіліп, құлай бастады ғой. Балашағам не болады екен деп ойладым.   

Аслан ұшақтың 15-інші қатарында отырған. Айтуынша, сол қатарға дейінгі жолаушылардың бәрі апаттан жапа шегіпті. Ал 15-тен соңғы қатарға дейін отырған адамдарды періштесі қағып, дін аман. Олар құтқарушылар мен жедел жәрдем келгенше, қиранды астында қалғандарды өздері шығара бастаған. Кейін бір өлімнен қалған Bek Air-дің клиенттері әуежайға жеткізіліпті. Артынша үйлеріне жіберілді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асхат та өзінің тірі қалуын ғажайыпқа балайды. Өйткені ол да осы бортта болуы тиіс еді. Бірақ ұйықтап қалып, ұшаққа мінбепті. 

Асхат Өтепов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 

- Өскеменнен НұрСұлтанға Алматы арқылы ұшуым керек болған. Кеше кешкісін Алматыға келіп, қонақүйге жайғастым. Ұйықтар алдында оятқыш қойдым. Сондайақ, қонақүй қызметкерлерінен мені оятуды өтіндім. Бірақ құдай сақтап, ештеңе естімей ұйықтап қалыппын. 

Бұл жолаушылар енді ұшаққа отырудан қорқып қалған. Бұдан былай көкке көтерілген күннің өзінде әуе компаниясын «мұқият таңдаймыз» дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#апаты #Bek Air