29.12.2019, 09:30

Алматыдағы ұшақ апатында қазақтың батыр ұлы жүкті әйелді денесімен жауып, аман алып қалды

«Темірлан – өзінің жарақатына қарамастан, осындай қиын сәтте батылдық танытқан, нағыз үлгі тұтар ер-азамат».

Алматы маңында «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы құлаған сәтте жолаушылардың бірі – Темірлан Қадауов есімді жас жігіт жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып, аман алып қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ел басына күн туғанда ерлік танытқан бұл азамат туралы ұшақта болған жолаушылардың бірі Әсем Жапишева facebook парақшасына жазды.

«Еліміз өзінің батырларын білуі керек. Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы осы бір «бақытсыз рейспен» Қадауов Темірлан да ұшты. Оның жанында біздің қызымыз, сіңіліміз, құрбымыз және әріптесіміз – Ақышева Гүлім болды. Жүктілігі –5 ай. Біздің батыр Темірлан ұшақ құлаған сәтте Гүлімді денесімен жауып қалып, апаттан кейін оны қауіпсіз жерге апарып, өзге жолаушылардың да шығуына жәрдемдескен. Темірлан – өзінің жарақатына қарамастан, осындай қиын сәтте батылдық танытқан, нағыз үлгі тұтар ер-азамат. Біз, Гүлімнің туысқандары Темірлан мен оның ата-анасына осындай мақтауға тұрарлық азамат тәрбиелегені үшін зор алғыс айтамыз» деп жазды.

Жазбаның астына өзге де желі қолданушылары пікір қалдырып, Темірланның осы ұмытылмас ерлігіне сүйсіне отырып, алғыс жаудыруда.