Белгілі сатирик, актер Асқар Наймантаев facebook парақшасына өзінің бір аудан әкімінің орынбасары және әкімдік апаратының басшысымен дәмдес болғанын жазды. Әңгіме ауаны жақынырақ танысуға ауғанда, олар Наймантаев деген фамилиясына бола оны семейлік, Найман руынан екен деп ойлапты. Ал «Мен Семей жақтан емеспін, Мұқағалидың жерлесімін», - деген қаламгерге: «Е, Моңғолиядан ғой, оралман екенсіздер ғой», - деген көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мұқағали оралман...» деген тақырыптағы жазбасында ол былай дейді:
«Дастархан басында – жас актерлар, төрде – мен, бізді күтіп, шай құйып отырғандар, аудандық әкімшілік қызметкерлері. Маған сұрақ өзім үйренген қалыптан басталды: – Асеке, Сіздің фамилеңіз... Най... – Иә, Наймантаевпын... – Семей жақ...
Пәмилеме қарап туған жерімді «дәл тапқанын» аңғартты сұрақ қойғыш. Өздері екеу. Кезектесіп жатыр.
– Осы Семей жақты неге «Ақындар елі» дейді? – Басқасын былай қойғанда, Абай туған ел ғой, сол да жетер солай атауға, - дедім... Үнсіздік...
– Абайды Абай қылған Мұхтар Әуезов қой. Егер Әуезов Шәкәрімді жазғанда, бүгінде Шәкерім ұлы болар еді...
Не дерсің бұған... «Сауатсыз!» - деп атып тұруға ерсі, қол қусырып күтіп жатыр. Езу тартып, сөз іздедім...
– Білмедім... Мен Семей жақтан емеспін, Мұқағалидың жерлесімін, - дедім, әңгімені ары итеріп. – Мойынқұмнан ба?
Қаным басыма шабайын деп қалса да сыр бермедім. – Жоқ, Нарынқол деген жақтан. Хантәңірі деген таудың етегі... – Е, Моңғолиядан ғой, оралман екенсіздер ғой...
Осында кейбір халыққа жақын әкімдерге бірдеңе деп қалсаң, «Осы әкімшілікті жамандамасаңдаршы. Олар да тірі пенде ғой, тыраштанып жатыр ғой. Әйтеуір сендерге жақпайды екен!» - деп арашаға жүгіретіндер бар. Жоғарыдағы диалог атышулы бір үлкен ауданның әкімінің орынбасары мен аудан апаратының басшысымен болды. Көп болған жоқ...
Елдің тізгінін әлі де осындай азаматтар ұстап отыр. Оларды емтихан алып, електен өткізіп қойып жатыр деп сендіреді. Бюрократия жөнінде алдына жан салмайтын шығар. Мен сияқты әнигдот айтқыш, былшылбек емес, ақылды қонақ болса, онымен не туралы сөйлеседі екен? Көресің бір-екі жылда олар өсіп кетеді... Біз осындай елде тұрамыз».
Білдей бір аудан әкімдігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктердің өресіздігіне «қарны ашқан» Асқар Наймантаев бұл жазбасын да өз әдетінше «Уот тәк!» деп аяқтады. Ал оған пікір жазған желі белсенділері жоғарыдағы диалогқа «жағаларын ұстады».
Ержұма Шаймерденов деген азамат: «Мұқаңның туған жерін, өз елінің аймақтарын білмейтін қандай санасыз адам ол? Әкімшілікте қалай қызмет жасап жүр? Жарайды, дүние жүзін білмей-ақ қойсын, дүние жүзінің географиясының бетін ашпаған болсын, бірақ, өз Отанының географиясын, өз тұлғаларының туған жерлерін білмейтін адамды мен адам деп санамаймын!» - деп күйіп-пісті.
Елдік пікірді езу тартып отырып айтатын Ержан Тәліп болса, сол сарынынан жаңылмай: «Мұқағали мен Абайды білмегенімде, оқымағанымда ғой. Мен де бір жерде əкім болып отырар едім. Айтпақшы, Нарынқол қырғызбен шекарада ғой, иə?» - деп мысқылдады.
«Жүре берсең, көре бересің» дегеніміз – осы, міне!