«Дәрігерлер күштеп, қорлық көрсетіп, құрсақтағы сәбиімді алдыртпақ болды» деп жанайқайын жеткізген Тараз тұрғыны Надира Бешлиеваның шақшадай басы шарадай болды. Келіншектің сөзіне сенсек, ол өзінің аяғы ауыр екендігін біле салысымен, қалалық емханаға тіркелуге бел буады. Дегенмен бұл жоспары орындалмапты. Себебі оны дәрігерлер әбден сандалтқан көрінеді. Тіпті, олар "құрсақтағы баланың денсаулығы нашар" деп алдыртып тастауға тырысыпты. Әйтсе де, жүкті келіншек дәрігерлердің бұл талабынан орындаудан бас тартыпты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Аяғы ауырлағанына 11 апта болғанда емханаға тіркелмек болған Надира Бешлиева ондағы қызметкерлердің әйелді тіркемей,сандалтқан көрінеді.Оған қоса, дәрігелер құрсақтағы сәбиі ауру болып туады деп жүктілігін тоқтатуға үгіттегенін айтады.Не істерін білмей дал болған келіншектің мәселелері осыдан кейін басталған. Дәрігерлер бірнеше мәрте ультра дыбыстық зерттеу жасатқан. Нәтижесінде, шақалақтың дамуында қиындық бары анықталған. Ал оған сенбеген келіншек басқа бір медициналық орталыққа барып тағы бір тексеріліпті.
"Өзім барып тексерілгенімде, баланың денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ деді. Ал дәрігерлер сәбиім мен мені әбден қорлап, үйіме келіп қорқытып, балағаттады. Ақыры мен сап-сау сәби босандым. Мұның дәлелі - балам және перзентханадан шығару анықтамасы", - дейді Надира Бешлиева.
Дәрігерлердің әбден қорлағанын алға тартқан Надира №9 қалалық емханасының бас дәрігері мен гинекологы лайықты жазасын алуы керек деп есептейді. Надира есімін аузына алған емхананың дәрігері болса, өзін сүттен ақ, судан тазамын деп, ақталып, сұқбат беруден бас тартқан.
"Маған дейінгі бас дәрігердің тәжірибесінде болған жағдай. Менің оған еш қатысым жоқ. Бұл нағыз бопсалау", - деді емхананың бас дәрігері.
Дегенмен, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары белгілі себептермен жүктілікті тоқтатуға кеңес бергендерін мойындады.
"Тексеру жұмыстарынан соң 5 маман тәртіптік жазаға тартылды. Екеуі жұмыстан шеттеліп, үш маманға қатаң сөгіс жарияланды ", - деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева.
Босанған соң, Надира құқық қорғау органдарына арыз жазған. Айтуынша, бастапқыда оның арызы бойынша мүлдем іс жүргізілмеген. Тіпті, бұдан 7 ай бұрын тағайындалған сараптама нәтижесі де келмеген.