Атырауда Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында мұнайлы өңірдің дамуына үлес қосқан түрлі саланың үздік өкілдерін дәстүрлі марапаттау салтанаты өтті.
Шарада аймақтың тыныс-тіршілігіне жыл он екі ай атсалысқан үздіктер 17 аталым бойынша іріктелді.
Ол: "Жылдың мемлекеттік қызметкері", "Мәдениет қызметкері", "Жыл мұғалімі", "Жыл спортшысы", "Жылдың құқық қорғаушысы", "Жыл дәрігері", "Жыл құрылысшысы", "Әлеуметтік саланың жыл қызметкері", "Жыл кәсіпкері", "Жыл журналисті", "Ауылшаруашылығы саласының қызметкері", "Коммуналдық саланың жыл қызметкері", "Жыл депутаты", "Белсенді депутат", "Жылдың үздік депутаты", "Ерлігі үшін" Үздіктер арасынан ҚР журналистер одағының мүшесі, республикалық "Айқын" газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Қалимова Тұрсын Жұмабекқызы "Жыл адамы -2019" атанды.
Ол – облыс әкімінің Т.Амандосов атындағы арнайы дипломы мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы өткізген "Қалам қуаты" конкурсының Гран-при иегері.
2017 жылдың "Жыл журналисі" номинациясының жеңімпазы.
Қаламы қарымды журналист Тұрсын Қалимова халық қаһарманы Хиуаз Доспанова есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы бастамашыл топтың жетекшісі және "Хиуаз" кітабын құрастырушы.
Бүгінде Тұрсын Жұмабекқызының Халық қаһарманы Х.Доспанованың сәулетті ескерткішін тұрғызу туралы бастамасы оң шешімін тапты. Сондай-ақ, мемлекет басшысының және облыс әкімі, халықтың қолдауымен Атырау халықаралық әуежайына Х.Доспанова есімі берілді.
Сонымен қатар, Тұрсын Жұмабекқызы халықты алапат аштықтан аман алып қалған құмаршық өсімдігіне қойылған "Құмаршық дәні" композициялық ескерткіштің авторы.
Дереккөз: BAQ.KZ