Австралия жағалауында 200-ден астам үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап. Басылымның хабарлауынша, Виктория штатындағы Шығыс Гиппслендте кем дегенде 43 үй өртенсе, Жаңа оңтүстік Уэльсте өртенге үйлердің саны 200-ден асады. «Сейсенбі күні эвакуация жасай алмаған, қаладағы үйлері өртке оранған мыңдаған тұрғын жағалауға қашқан еді. Жағдай аздап жақсарып, бас жол бірнеше жолға ашылғанда халықтың шығуына мүмкіндік пайда болды. Дегенмен, жаңа жылдың алғашқы сағаттарында Жаңа Оңтүстік Уэльсте 112 үй өртеніп жатты», деп жазады ВВС. Жаңа Оңтүстік Уэльстің премьер-министрі Глэдис Бережиклян төтенше жағдай қызметі жолдарды тазартып, электр энергиясын қалпынакелтіру үшін жұмысшылар ауа райының қолайлы болғанын күтетінін айтты. Сонымен қатар сенбі күні ауа температурасы көтерілетінін ескертті. Өрт салдарынан кемінде үш адам қаза тапты. Олардың екеуі, 63 жастағы әкесі мен 29 жастағы ұлы өрттен үйі мен құрылғыларын құтқармақ болып қаза тапса, тағы бір адамның денесі көлік ішінен табылған. Осылайша осы кезеңде өрттен қаза тапқан адамдар саны 13-ке жетті. Австралия үкіметі Жаңа Уэльс пен Викториядағы өртті сөндіруге көмектесу үшін қосымша ұшақ, тікұшақ пен қайық жіберілетінін мәлімдеді. Олар жіберген көмек өрт орнына жұма күні жетуі тиіс.