Еліміздегі жас әдебиетшілердің бірі Арман Әлменбет 2019 жылдың 29 желтоқсаны күні facebook парақшасына осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Абай өлеңдерінің қолжазбасы мен 1923 жылы шыққан бір кітабының жоғалғанын жазды. Айтуынша, ол құнды жәдігерлер әлі табылмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Назар аударыңыз! Астанада өте құнды пакет жоғалды. Ішінде араб әрпімен жазылған екі дәптер қолжазба (Абайдың өлеңдері), бір кітап (1923 жылғы Абай жинағы) бар. Жоғалғанына бір айдан асқан. Пакет не ақ, не қызыл болуы мүмкін. Немесе ақ пен қызылы аралас. 60 не 104 автобуста немесе таксиде қалған болуы мүмкін.
Көрген, естіген жеріңіз болса, 87780645051 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Тапқан адам қайтарып берсе, қазақ руханиятына қосқан үлесі болар еді. Сүйіншісі бар!
Бей-жай қарамай, таратып жіберсеңіздер. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қазақ үшін жасаған бір еңбегіңіз болар еді. Алдын ала рахмет айтамыз!» - деген жазбаны филология ғылымының докторанты Заңғар Кәрімхан да бөліскен.
Бұл ретте, ол жәдігерді кімнің жоғалтып алғаны, пакеттің түсі, қай жерде қалып қойғаны нақты айтылмаған. Сол себепті, Қазақ Алашұлы деген бүркеншік есімді жігіт бөліскен жазба астына Дәурен Шұғайыпов есімді желі қолданушы: «Қандай пакетті де білмейсің, не машинаға отырғаныңды да білмейсің, массың ба или ауышып алдыңдар ма?» деген пікір қалдырған. Ал Ержан Сембаев атты азамат: «Адам Абайдың қолжазбаларын жай пакетке сала ма екен? Қап!», - деп өкініш білдіріп отыр.
Белгісіз жағдайда жоғалған құнды дүниеге қатысты іздеуге жас әдебиетші Елдос Тоқтарбай да үн қосқан. Оған Қамажан Жұмақасова деген кісі: «Обал-ай!.. Сандыққа салып, арнайы жасақтың күзетімен тасымалдайтын дүниелер екен! Әлгі «пакеттерге» түскені де көңілді құлазытты... Табылады, көзі ашық, иманды жанның қолына түседі деген тілеудеміз. Сүйінші хабар күтеміз!!!» - деп жанашырлық танытқан.
Иә, анау-мынау емес, 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілетін ұлы Абайдың қолжазбасы дәмхана мен автобуста жоғалмай, музейдің шынысы ішінде тұруы тиіс еді ғой. Егер ол шынымен Абай жазбасы болса, қалайша мүйізі қарағайдай ғалымдар мен мемлекеттік мекеменің емес, қайдағы бір не қоғамдық көлікке, не таксиге отырғанын білмейтін, оны қандай пакетке салып алғаны есіне түспейтін біреудің қолына түскен?..