Самат Нұртаза есімді азамат facebook парақшасына Нұр-Сұлтан қаласында араққа салынып кеткен екі қазақ пен бір орыстың күрд әйелдің қоластында құл болып жүргенін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бүгін қой сатып алуға Нұр-Сұлтанның сыртындағы бір ауылға бардым. Мекенжайды тауып барсам, 40-50 қойы бар, 200-300 тауығы бар, бордақылаған жабағылары тізіліп тұрған күрд әйел есік ашты. Қазақшасы судай. Саусағы мен құлағы – алтын. Ауқатты тұратыны көрініп-ақ тұрды. Көзімнің қырын салсам, ауласында 3 жігіт қызмет етіп жүр. Бір орыс, екі қазақ. Үшеуі де сол жерде времянкада тұрады екен. Ішімдікке қатты салынып кеткендері ісіп кеткен беттерінен байқалып тұрды», - дейді ол.
Сонымен, әлгі қазақтардың бірі қой сойып, екіншісі ішек-қарын тазалапты. Ал орыс бас үйтіп, арасында анау екеуіне су тасып тұрған.
«Қайдан келген жандар?» деп сұрап едім, күрд әйел «Алматыдан алып келдім, әйелдері қуып шыққан» деді. Екі қазақтың біреуінің есімі Октябрь еді. Сол Октябрь қой сойды. Көзінде жанары жоқ, адамның көзіне тік қарай алмайтын, қолында кісені болмаса да құлдық тағдырына бас иген жан болып көрінді. Күрд әйелдің дауысынан шошып қалған. Аянышты реализм. «Қазақ – бомж» деген ұғымды жүрегім қабылдағысы келмейді екен», - деп налыды жазба авторы.
Содан ол алған тоқтысының 40 мың теңгесін үй иесінің қолына ұстатып, бас үйткен орыс пен ішек-қарын тазалаған қазаққа 500 теңгеден және қой сойғанға 2500 теңге төлеген. Бірақ, үшеуінің ақшасын дереу күрд әйел жинап алыпты. «Неге өздеріне бермейсіз?» - деген клиентіне: «Времянкаға қарыз», - деп қысқаша жауап қата салған.
«Құл ұстайдындарды естіген – бір бөлек, көрген – бір бөлек екен» деп аяқталған жазбаға Мейрамхан Кыдырбаев деген азамат: «Самат, бұл адамдар – өз тағдырын өздері таңдағандар... Арақты жеңген адамды көрмедім, бұларды құртқан – ішімдік! Күрд әйелге ризалық білдірсін үшеуі де, жататын орны мен ішетін тамағы бар. Мемлекетке еш салмақ түсірмей, әйел болса да еркектерді бағып отырғаны үшін алғыс айту керек!» - деп пікір қалдырды.
Ал Нұрлан Байғара атты желі қолданушының айтары басқа. «Арақ пен тамақ беріп, жұмысқа салудың өзі құлдық қой. Ерікті, еріксіз екенін қайдан білесіз? Оны айта алмайтындай қорқытып-үркітіп қойса, біреудің үміт етіп күтіп жүрген баласы, жары болып шықса ше? Полицияға хабарлау керек шығар?» - дейді ол.