Бүгін облыс әкімінің аппарат мәжілісінде жаз маусымында суға шомылудың қауіпсіздік шаралары талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жиында бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Келесов мәлімдеді.
Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, баяндамашы тілсіз жаудың құрығына ілігудің негізгі себептерін дария жағалауындағы суға түсуге қауіпті жерлерге ескерту белгілерінің толық орнатылмауы, тынығушылар қайықты көлік инспекциясының рұқсатынсыз және құтқару құралдарынсыз пайдаланып, алғашқы көмек тәсілдерін білмей суға түсуімен байланыстырды.
«Осы кемшіліктерді жою мақсатында төтеншеліктер халықтың көп шоғырланған жерлерде жылжымалы пункт арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, билбордтар орнатып, түрлі форматта кездесулер өткізуде. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов барлық аудан әкімдеріне дария жағалауын қатаң бақылауды тапсырды», делінген хабарламада.
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, облыста жыл басынан бері 18 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның ішінде төртеуі балалар. Суға кету фактісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға, бала саны 33,3 пайызға азайған.