La Parka бүркеншік есімімен танымал болған мексикалық рестлер Хесус Альфонсо Эскобоза Уэрта 2019 жылы қазанда жекпе-жек кезінде алған жарақатынан қайтыс болды. Бұл туралы спортшы өнер көрсеткен Lucha Libre AAA промоушеннің twitter-дегі аккаунтында ақпарат жарияланды.
Уэрта рингтен секіріп, әдіс жасамақшы болған. Алайда, ол сәтсіз құлап, басымен металл қоршауға соқтығысқан. Рестлерді ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған бірнеше ота жасаған. Оның ішінде бас сүйегін ашқан, дегенмен, мексикалықты аман алып қалу мүмкін болмапты.
Ол 12 қаңтарға қараған түні 54 жасында қайтыс болды. Уэрта 1996 жылы рестлинте алғаш рет өнер көрсеткен еді. Ол кезде Karis la Momia лақап атымен шыққан болатын. Спортшы Мексикадағы танымал рестлерлердің бірі болған. Lucha Libre AAA сайтында ол нағыз идол және жаратылысынан көшбасшы болды деп сипатталған.
2019 жылы мамырда мексикалық Сезар Гонсалес Лондонда Lucha Libre AAA шоуында қайтыс болған еді. Спортшы Күміс король лақапатымен танылған қарсыласынан жеңіліп, еденде жатып қалған. Төреші мен қарсыласы Гонсалестің халі нашарлағанын бірден аңғармаған. Болжаммен ол жүрек ұстамасынан қайтыс болған.
Дереккөз: Tengrinews.kz