«Bek Аir» жолаушыларға билеттің ақшасын қазір қайтара алмайды. Бұл туралы әуекомпанияның басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов мәлімдеді. Ал әуежайдағы касса алдында кезек күткен халық бұған наразы, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Астаналық зейнеткер Клара Ахмет отағасымен бірге «Bek Air»-ден 50 000 теңгеге билет алып, 28 қаңтар күні Ақтауға ұшпақшы. Билетті желтоқсанның басында алып қойған. Енді ол әуе билетін басқа компанияға өткізу үшін әуежайға күнде келеді. Бірақ, компания қызметкерлері тұшымды жауап бермейді деді.
«Call center мүлде жауап бермейді. Мыналардың телефондары «Ваш звонок прослушивается, записывается...» деп, сосын жоқ болады. Сосын салбырап, шал екеуміз күнде келіп тұрамыз. Қандай хабар екен деп. Ақшаны қашан қайтаратынын білмеймін. Маған, тіпті, ақшасы керек емес, басқа рейске ауыстыру керек», - дейді Клара Ахмет.
15 қаңтарда Қызылордаға ұшуды жоспарлаған Жұмагүл қарияның да жолы болмай тұр. Ол аталған компаниядан билетті 1 ай бұрын алып қойған. Басында басқа ұшақтан орын алып береміз деген компания өкілдері оған 15-інде ұшатын ұшақтарға орын жоқ депті.
«Жарты сағат күттім кассирін, болмады. Жаңа келді әйтеуір, Құдайға шүкір. Келсем, олар маған: «Енді авиацияға арыз жазыңыз, бізге ешқандай ақша қайтар деген нұсқау келген жоқ», - дейді. Халықты не былай, ны былай қылу керек қой. Возврат қылу керек, осындай күні келіңдер, билеттеріңді тапсырыңдар деп. 12-сіне дейін, 13-не дейін тоқтатылады деу не деген масқара, халықты сергелдең қылып қойған?!» - дейді Жұмагүл.
«Bek Air» компаниясының кассирлері де билеттің нақты қашан қайтарылатынын білмейді. Ал басы дауға қалған әуекоманияның басшысы болса, жолаушылардың билет ақшасы қазір қайтарылмайды деп кесіп айтты. Ол жолаушылардың қай уақытқа дейін күтетінін де нақтыламады.
«Біздің компания ұшу сертификатынан айрылды. Жүйе электронды болғандықтан, билетті сата да алмайды, ақшаны да қайтармайды. Бұл туралы өткен аптада министрлікке хат жолдадық, әзірше жауап келмеді. Сондықтан жолаушылар күтуге мәжбүр», - дейді «Bek Air» компаниясының басшысы.
Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі «Bek Air» -дің билетін мүлде алмауға шақырады. Сондай-ақ, олар билеттер сатылымда жоқ деп айтқан болатын. Бірақ, 13 қаңтарда түске дейін «Bek Air»-дің өз сайтында билеттердің сатылып жатқаны байқалады. Ал түстен кейін бұл қызметке шектеу қойылыпты.