Қытайда коронавирустың жаңа түрінен шыққан пневмонияны жұқтырудың жаңа деректері анықталды. 20 қаңтарда Бейжің әуежайында екі адамның дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілді.
"Бұрын олар Ухань қаласына барған. Клиникалық симптомдарды зерттеу негізінде емделушілер коронавирустың жаңа түрін жұқтырғаны анықталды", - делінген Бейжіңнің оңтүстігіндегі Дасин аудандық денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комитетінің мәлімдемесінде.
Екі адам ауруханаға жатқызылды және карантиндегі мамандардың тұрақты бақылауында болады. Олардың жағдайы тұрақты. Сол адамдармен байланыста болған азаматтар да бақылауға алынды. Оларда әзірге ауру белгілері анықталған жоқ.
Сондай-ақ, 20 қаңтарда Шэньчжэнь қаласында пневмония жұқтыру дерегі анықталды. Қала тұрғыны 29 желтоқсанда Ухань қаласында тұратын туған-туыстарына барып, 3 қаңтарда дене қызуы көтеріліп, пневмония белгілері пайда болған.
4 қаңтарда ол Шэньчжэньге оралған, алайда, ауруханаға тек 11-і ғана түскен. Шэньчжэнь қаласында тағы сегіз тұрғын ауру жұқтырды деген күдікпен ауруханаларда жатыр.
Дереккөз: Tengrinews.kz