Құлсары қаласында өтіп жатқан ҰБТ тапсырушының 56 жастағы анасы кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов марқұмның отбасына қайғырып, көңіл айтты. Ол бұқаралық ақпарат құралдарын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.
«Біріншіден, мен оқушы қыздың отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Екіншіден, орны толмас қайғыға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған ақпараттарды таратпауын өтініп, сұраймыз.
Әлеуметтік желілерде арандатушылар қызына ұялы телефон кіргізе алмаған ананың уайымдауы салдарынан болған деген қауесет тарауда. Қайтыс болған әйелдің қызы емтиханға ұялы телефонмен кірмегенін, әділ тапсырып шыққанын атап өткіміз келеді.
Біз жалған ақпарат таратқандарды анықтап, жауапқа тартамыз», - деп түсіндірді Смағұлов.
Сондай-ақ, тестілеу орталығының басшысы қайтыс болған әйелдің отбасына көмек көрсетілетінін айтты.
«Біз оқушыға барлық дайындыққа арналған материалдарды тегін ұсынып, ҰБТ-дан сәтті өтуіне барынша көмектесеміз. Әрине, біздің көмегіміз отбасындағы шығынның орнын толтыра алмайды, бірақ біз қызға анасының үмітін ақтап шығуға жәрдемдесеміз», - деді ол.