21.01.2020, 18:00

«Ақ Аруана» повесі – Сәтімжан Санбаевтікі»: Досанов әйгілі шығармаға «жиендік» жасады деп айыпталды

Ал бұл шығарма кеңестік және әлемдік әдебиеттану сынынан өтіп, жалпы халық тарапынан жоғары бағаланған Сәтімжан Санбаевтың ұмытылмас повесі болатын. Мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті ретінде осы мәселеге қатысты арнайы сюжет дайындап, Досановты көрермендердің көзінше басқа адамның повесін иемденгені үшін айыптаған едім.

Әйгілі «Ақ Аруана» повесін Сәбит Досанов әріптесі Сәтімжан Санбаевтан ұрлап алған ба? Егер ұрланбаған болса, БАҚ-та неге шығарманың авторлығы оның атына телініп жүр? Кеше ғана өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткен жазушыға қатысты бұл мәселе әлі басы ашық күйінде тұр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Басынан бастасақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері деген бір басына жететін атақ-даңқы бар Сәбит Досанов – биыл 80 жаста. Сол себепті, Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерейтой иесінің шығармашылық кеші де өтті. Ол кеш елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. 

Осы орайда, белгілі жазушы Сейітжан Омаровтың ұлы, Қазақстан журналистика академиясының академигі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жанай Омаров бір мәселенің ұшын шығара қойды.

«Жарты сағат бұрын жақын досым хабарласты. Оның айтуынша, барлық телеарналар аңызға айналған «Ақ Аруана» кітабының авторы ретінде танылған Сәбит Досановты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап жатыр екен.

Ал бұл шығарма кеңестік және әлемдік әдебиеттану сынынан өтіп, жалпы халық тарапынан жоғары бағаланған Сәтімжан Санбаевтың ұмытылмас повесі болатын. Мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті ретінде осы мәселеге қатысты арнайы сюжет дайындап, Досановты көрермендердің көзінше басқа адамның повесін иемденгені үшін айыптаған едім.

Осы тұрғыда шығармашылықты бағалайтын көзі ашық адамдардан түсініспеушіліктің түйткілін шешуге көмектесуін сұраймын» деп жазды ол facebook парақшасында.

Артынша, телеарна жаңалығындағы орысша ақпаратты да сөзбе-сөз жариялады.

«Сәбит Досанов өзінің алғашқы әңгімесін 27 жасында жазып, бірден қазақ әдебиетінің классигі болды. «Шабындықта» атты шағын туындысы екінші сынып оқушыларына арналған оқулыққа және бірнеше басылымдарға енгізілген. Содан бері 53 жыл өтті. Міне, ол Опера театрының сахнасында миллиондаған оқырмандардың құрметі мен махаббатына бөленіп тұр. Елбасы мен Президенттен 80 жылдық мерейтойымен құттықтаған хаттарды қабылдады. Сәбит Досанов 40 кітап жазды. «Ақ Аруана» повесі үлкен танымалдылыққа ие», - деп хабарлаған сол сәтте телеарна тілшісі.

Оған қатысты журналист Тұрсын Қалимова: «Аға, мына сюжетті жасаған журналист қателесіп тұрған жоқ па? Тілші «Ақ Аруана» туралы ақпаратты қайдан алып отыр? Егер журналист қолындағы сценарийде болса, сонда жазылған болса, оны мерейтой иесі міндетті түрде тексереді емес пе? Сонда Сәбит Досанов бұлай деп айтылуына жол берген болып шықты ма? Түк түсінбедім. Егер де С. Досанов шығармалары туралы пікір айтқан адамдар «Ақ Аруана» туралы айтса, онда әңгіме мүлдем басқаша... Мында журналист айтып тұр», - деп таңданды.

Әрине, бұл тұрғыда Жанай Омаров екі постпен шектеле қалған жоқ. «Ақ Аруананың» авторлығы төңірегіндегі жағдайды тағы қайталаймын» деп, 2019 жылдың 3 қыркүйегінде жарияланған көлемді жазбасын жаңғыртып қойды.

Бұл ретте, тағы бір журналист Кенжеболат Жолдыбай: «Жанай Сейітжанұлы, ассаламуалейкум! Осы жылғы 10 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» Сәбит Досановтың 80 жасқа толуына байланысты «Тағдырлы тарлан» атты бір бет көлемді мақала жариялапты. Онда мынадай деректер келтіріледі: «Жиырма алтыдағы жас талап дарын иесі «Қайырлы таң» атты әңгіме, очерктер кітабымен ізетті сәлем бере әдебиет ауылына қадам басты. Ол тұңғыш кітаптың алғысөзін аға буын ақсақал Сейітжан Омаров жазып, «балауса гүлдей құлпырып өсіп келе жатқан жас жазушының тұңғыш жемісті қадамына қуанып, оған ағалық мейірбандықпен сөз арнап, дос ниетпен сәт сапар тілеген» екен.

Атақты Сәбит Мұқанов «Ұлғайған үміт» деген арнайы мақаласында былайша тарқатады: «...Досановтың «Аруана» хикаясында аналық түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, балажандығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып, кейде көзіне жас алғандай халге келтіреді... Адас жазушымен алғаш жолдасқанда қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті кадрының бірі болар деп тұтанған үміт жыл санап ұлғая берді де, ақыры қатарымызға қаламы төселген, дарынды көркем әдебиет қаламгерін әкеп қосты... Құтты қаламың қарқындай берсін, құрметті Адас!» деген пікір қалдырып, Жанай Омаровқа кезінде Сәбит Досановты өз әкесі де қолдағанын меңзеді.

«Кенжеке! – деді сонда Жанай Омаров. – Міне! Оның повесі «Ақ Аруана» емес, «Аруана». 1969 жылы «Социалистік Қазақстанға» «Аруана» деп шықты. Ал Сәтімжанның атақты повесі одан бұрын, 1968 жылы Шуховтың Просторында жарық көрген. Ал 1969 жылы «Жазушы» баспасынан кітап болып шықты. Тек осыдан кейін ғана Досанов кенет өзінің аруанасын суреттей қойды. Не үшін?!!!».

Сонымен, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» емес, Сәбит Досановтың «Ақ Аруанасы» болып тұр. Ал қаламгердің өзі ол шығармасын ақтап алар ештеңе айтпаған. Айтуының реті енді келіп тұрған сияқты...

P.S. Неге екені белгісіз, кейін Сәтімжан Санбаевтың «Белая Аруана» повесі қазақ тіліне тек «Аруана» деп аударылған...