21.07.2014, 09:25

Қызылорданың дамуына молалар кедергі келтіруде

Сурет: zhaikpress.kz

Қызылорда қаласының кеңеюіне бес жерде орын тепкен мазарлар кедергі келтіруде. Бұл туралы облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров журналистермен кездесуі кезінде мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат».

― Ескі мазарлар басқа жаққа ауыстырылмай, Сырдарияның сол жағалауында жаңа шағынауданның құрылысы басталмайды. Бұл бейіттер соңғы рет 1977 жылы жаңаланған. Сондықтан марқұмдардың туыстарын табу қиынға соғып тұр. Сонда да біз анық-қанығын зерттеп жатырмыз. Қажет болса, керекті рәсімдерді жасауға дайынбыз, ― дейді С.Тойбазаров.

Билік басындағылар діни рәсімді қалай өткізуге болатындығын молдалардан сұрап білген. Ал санитарлық дәрігерлер жерленгендердің неден қайтыс болғандарын тексереді. Себебі, жаңа құрылыс індет ошағына айналмауы тиіс.