30.01.2020, 11:40

Қарағанды мешітінде 3 адам көз жұмды

Фото: пресс-служба первого президента Казахстана
Тұрғындар өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама нәтижесі анықтайды.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауылындағы орталық мешітте үш бірдей азамат иіс тиіп, қайтыс болды.

Марқұмдардың жасы 20-дан енді ғана асқан. Бірі - сонда от жағушы болып жұмыс істейтін Жасқайрат Амангелдин, ал қалған екеуі ауыл тұрғыны Ерболат Әбдікәрім мен Қайыржан Иса. Жігіттер 28 қаңтар күні түс ауа Алла үйіне келген. Боран салдарынан жарық сөніп қалып, жылыту пешін дизельді генератор арқылы іске қосқан. Артынша олардың сұлық жатқан денелерін мешіт жамағатының бірі көріп, хабарлаған. Ауруханаға жеткізілгенімен, жігіттер есін жимады, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Мешітте сұлық жатқан үшеуін өз көлігімен ауруханаға жеткізген жергілікті азаматтың айтуынша, жігіттер уланып қалған. Ауруханаға әкелгенде олардан биологиялық өлім белгілері байқалған. Сондықтан ешқандай медициналық көмек көрсетілмеді", - деді ахуалдық орталық меңгерушісі Ерік Шонбаев.

Тұрғындар өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама нәтижесі анықтайды.