31.01.2020, 10:40

Коронавирустан бір тәулікте 43 адам көз жұмды

Фото: news.yandex.ru
Қытайда 15 мыңнан астам адамның ауру белгілері коронавирусқа ұқсайды, алайда олардың диагноздары расталмаған.

Қытайда өткен тәулікте 2019-nCov коронавирусының жаңа үлгісінен 43 адам қаза тауып, 1982 адам жұқтырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚХР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитет хабарламасына сілтеме жасап.

43 жағдайдың 42-сі коронавирустың жаңа үлгісінің ошағына айналған Хубэй провинциясында (Уханда – 30 адам қайтыс болған) тіркелген. Хубэй провинциясынан бөлек тағы бір адам Ресеймен шекараласатын Хэйлунцзян провинциясында көз жұмған. Соңғы дерек бойынша, Қытайда 9692 адам коронавирус жұқтырған. 

Қайтыс болғандар саны 213 адам. 171 адам ауруханадан емделіп шықты. Қытайда 15 мыңнан астам адамның ауру белгілері коронавирусқа ұқсайды, алайда олардың диагноздары расталмаған. 100 мыңнан астам адам карантинде.