Қазақстанда лотерея операторымен келісімшартқа отырмай, өз бетінше лотерея өткізген азаматтар мен ұйымдар жауапқа тартылуы мүмкін. Бүгін мәжіліс лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін белгілі бір мөлшерде ақша жинаған адам лоторея операторы немесе лоторея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лоторея операторынан лицензия алмай, осындай лотерея өткізіп, пайда тапса, заң бұзған болып саналады. Шын мәнінде, бұл өте маңызды мәселе. Осыған дейін әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік көзделмеген еді", - деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәжілістің жалпы отырысында.
Енді, министрдің айтуынша, заңсыз лотерея өткізгендерге жауапкершілік қарастырылып отыр.
"Бірінші рет заң бұзса, ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК (бір АЕК – 2651 теңге), шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктегелі отырмыз", - деді ол.
Райымқұлова әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея өткізген әртістер мен блогерлер де жазасыз қалмайтынын атап өтті. Лотерея өткізу үшін міндетті түрде лотерея операторымен келісімшартқа отырып, "лотерея таратушы" болу керек.
"Мониторинг арқылы тексереміз. Депутаттардың ұсынысымен бұл заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік қатаңдатылуы мүмкін", - деді министр мәжіліс кулуарында.
Осы тұста ол лотереяны ұтыспен (розыгрыш) шатастырмауға кеңес берді. Заң бойынша елімізде 18 жасқа толмаған азаматтарға лотерея қызметімен айналысуға және қатысуға тыйым салынады.
Қазақстанда 2017 жылы лотерея операторы болып "Сәтті жұлдыз" АҚ анықталған еді.