07.02.2020, 21:27

Bek Air әуе компаниясы лицензиясын 6 ай ішінде қайтарып алуы мүмкін

Фото: ҚазАқпарат
Ал «Бек Эйрге» қатысты соңғы жаңалық – техникалық қызмет көрсеткен ұйым да лицензиясынан айрылған.

«Бек Эйр» әуе компаниясына техникалық қызмет көрсеткен мекеме де лицензиясынан айырылды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі енді оларға қатысты тексерісті келесі аптада бастамақ. Егер өрескел заңбұзушылықтар анықталса, бұл компания авиация саласынан мүлдем аластатылады. Авиациялық әкімшілік елдегі басқа әуе тасымалдаушыларын да тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Алматы маңындағы әуе апатынан кейін елдегі әуе тасымалдаушыларын түгел тексеріпті. Нәтижесінде «Эйр Астана» мен «Скат» әуе компанияларынан да заңбұзушылық анықтаған. 

«Бірақ ол дабыра тудыратындай қауіпті емес», - дейді әкімшілік басшылары. 

Ал «Бек Эйрге» қатысты соңғы жаңалық – техникалық қызмет көрсеткен ұйым да лицензиясынан айрылған. 

"Ол ұйымға қатысты келесі аптада тексеріс басталады, шетелдік сарапшылар да қатысады. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның авиация комитетінің өкілдері де «Бек Эйр» компаниясының ұшақтары еш талапқа сәйкес келмейді деген тоқтам айтты. Олардың бақылау жүйесі, менеджменті мен басқа ұйымдармен келісім-шартын жіті тексереміз. Қорытындысын келесі апта жариялаймыз", - деді Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚ бас директоры Питер Гриффитс.

Бұл – «дауылдан» соңғы салдармен күрес. «Себеппен де күрескен жөн», - дейді авиация саласының мамандары. 

«Соңғы болған әуе апатына тек экипажды кінәлаудың немесе соғылған үй мен ұшақтан ақау іздеудің қажеті жоқ, бірінші кезекте бұл басшылардың жауапсыздығы», - дейді Төлеуғазы Сексенбаев. 

"Қазір Азаматтық авиация комитеті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапкершілігі туралы мүлде айтылмай жатыр. Басты себеп, меніңше, осы саладағы жоғары дәрежелі мамандардың аздығы. Соңғы апатқа байланысты кінәлілер жазаланар. Бірақ осындай апатқа не әкеледі? Соның алдын алуға қазірден бастап күресуіміз қажет. Қадағалау, тексеруге қатысты тиісті жұмыстар алдын ала атқарылмайтыны да көбіне мәлім", - деді авиация саласының ардагері Төлеуғазы Сексенбаев.

Шын сынды қабылдау, бастысы қорытынды шығару қазаншылардың еркінде. Ал басына қара бұлт үйірілген «Бек Эйрдің» әлі де болса үміті бар. Қазақстанның авициялық әкімшілігі олқылықтың орнын толтырып, лицензиясын қайтаруға оларға алты ай уақыт берді.

Тегтер: лицензия Bek Air