08.02.2020, 12:55

«Лототрон сияқты жәшік»: Жүрсін Ерман неден қауіптенетінін жасырмады

Фото: Youtube.com
Сол кезде қанша сездірмеймін десе де, кішкене жаттандылық бар екенін сіздер де, бізде де жақсы білеміз.

Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында "Адамзаттың алыбы – хәкім Абай" атты республикалық ақындар айтысы өтуде. Оған 16 ақын қатысады деп жоспарланған. Осыған орай, халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман айтыстың жаңа дәуірін бастауға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik.

"Біз айтыстың жаңа дәуіріне өтудің амалын жасап жатырмыз. Жалпы, соңғы жылдары айтысты кішкене табиғи қалпынан шығарып алдық па деген қауіп бар. Бұған дейін 60-70 ақын бас қосып, ақылдасып, айтыстардың шынайылығына қол жеткізейік деп, жаңа ережесін бекіткен болатынбыз. Енді, ертеңгі айтыс қалай өтеді деп, өзіміз де қобалжып отырмыз", - деді Ерман астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, астанада өтетін айтыстың басты ерекшелігі сол, шынайылығына, суырып салма қасиетіне басымдық беріледі. Бұрын ақындарды алдын ала жұптап қоятын. Содан барлығы кіммен айтысатынын біліп отырды.

"Ақындар дайындалып келетін. Сол кезде қанша сездірмеймін десе де, кішкене жаттандылық бар екенін сіздер де, бізде де жақсы білеміз. Соған жол бермеу үшін ертең бірінші рет ақындарды халықтың алдында жұптайын деп отырмыз. Заманауи технологияларды енгізіп, лототрон сияқты жәшік қоямыз да, әрбір ақынның атын жазып, бөлек-бөлек шарларға саламыз. Біздің қыздар айналдырып тұрады. Залдан кез келген көрермен шығып, екі шарды алып шығады. Сөйтіп, ақындарды жұптайды. Сосын қазылар алқасы ұпайды санмен көрсетіп отырмайды. Әрбіреуінің алдында екі батырма болады. Біреуі қызыл, біреуі көк. Қай ақынға көбірек көк шам жанады, сол сөзсіз айтыстың келесі айналымына өтеді", - деді Жүрсін Ерман.

Тегтер: айтыс