Жаңадан әмиян сатып алған жігіт, су жаңа затының ішінен, "картадан ақша ұрлайтын" чип тауып алдым", - деп дабыл қақты. Ол әмиянынан тауып алған сары алтын түстес затты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Артынша оның түсірген видеосы мессенджерлер арқылы тез тарап, көпшілікті елең еткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жігіт видеожазбасында 3 мың теңгеге сатып алған жаңа әмиянын көрсетіп, оның ішінен банк картасындағы ақшаларды "жымқыратын" чип тауып алғанын жерден жеті қоян тапқандай жеткізген. Видео авторының сөзіне құлақ түрсек, оның банк картасындағы 2 мың теңге өзінен-өзі жоқ болып кеткен көрінеді. Басынан осындай оқиға өткен жігіт, қазақстандықтарды ақшаларына сақ болуға шақырды.
Бұл орайда, Арман Әбдірасылов есімді кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының директоры видеоавторының жорамалын жоққа шығарды. Маманның айтуынша, әмияндағы чип "антиұрлық" және "антиұры" деп аталатын қорғаныш белгісін білдіреді екен.
Ал әлгі жігіт оны дұрыс түсінбей қалған сыңайлы.
Ашық дереккөздеріне сүйенсек, "антиұры" - қауіпсіздік белгісіне белгі беретін құрылғы.