13.02.2020, 12:20

«Ешкім білмейді»: Ассамблеяға бөлінген қыруар қаражат қайда жұмсалған?

Фото: inbusiness.kz/ru
Түрлі концерт, фестивальдардің өзіне бюджеттен жалпы сомасы 80 миллионнан астам қаржы кеткен. Қоғам белсенділері қыруар қаражаттың нәтижесін көрмей отырмыз дейді. Ал Ассамблея бюджет ақшасын көзделген мақсатқа жұмсады ма?

Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруға 2019 жылы бюджеттен 119 миллион теңге бөлініпті. Этникалық проблемаларға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өткен жылы 64 миллион теңге бөлінген. Ұлтаралық татулықты қамтамасыз етуші - Қазақстан халқы Ассамблеясының бюджеті кешелі-бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Еліміздегі тұрақтылыққа жауапты ұйымға бөлінген миллиондар мұнымен бітпейді. Түрлі концерт, фестивальдардің өзіне бюджеттен жалпы сомасы 80 миллионнан астам қаржы кеткен. Қоғам белсенділері қыруар қаражаттың нәтижесін көрмей отырмыз дейді. Ал Ассамблея бюджет ақшасын көзделген мақсатқа жұмсады ма?

Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұл ұйымға үлкен жүк артылатынын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы қадап тұрып айтты.

"Құқық қорғау орындарының да жіберген қателіктері бар. Жергілікті әкімшіліктер, облыс, аудан әкімдіктері қайда болды? Біздің Ассамблеямыз бар. Ассамблеяның ешқандай өкілеттік құқығы жоқ. Дегенмен, сондай мәселелер шығады деген жерлерді Ассамблея бәрін біліп отыруы керек", - деп кесіп айтты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Иә, біліп-қадағалап отыруы тиіс еді. Осы бағыттағы жұмысты жүргізуге қазынадан қыруар қаржы бөлінуде екен. Күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясына қанша қаржы қаралғанын жариялады. 

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруға 2019 жылы бюджеттен 119 миллион теңге бөлініпті. Тағы 15,2 миллион теңге этникалық топ өкілдерінің фестивальдеріне жұмсалған. Ал Ассамблеясының концертін өткізу 70,9 миллион теңгенің айналасында. Бұл қаражат биыл тағы артпақ. 4 миллионға. Қош. Бұдан бөлек, этникалық проблемаларға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін де аз ақша бөлінбепті. 64 миллион теңге.

"Тілін, дінін, дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр екен. Мемлекеттік бюджеттен және республикалық бюжеттен бөлінеді екен. Осынша игерілген ақшаны олар деген қайда жұмсап жатыр? Ешкім есеп бермейді. Ешкім білмейді. Кез-келген жерде кикілжің болып қалатын болса, егер де ол шынында да ұйым болатын болса, шынайы ұйым болатын болса, бірінші баруы керек. Бердібек Сапарбаевтан комиссия түзілмей жатып солар ортасында жүруі керек", - деген пікірде қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші.

Мәжілісмен Азат Перуашев та Ассамблеяның жұмысына серпін керек дейді. Оның сөзінше, халыққа мейлінше жақын болуы керек.

"Кез келген институт, әсіресе Ассамблея сияқты біздің елімізде мемлекеттік институтқа айналған нәрсе ғой. Әрине бұндай жағдай, мына оқиға Ассамблеяға да сын болып отыр. Ассамблеяның жұмысын расында да қарапайым халықтың мұқтажына жақындатып келтіруім керек деп санаймын", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Тыныштық пен бірлік өзінен өзі келмейді. Ол анық. Ассамблеяға қарасты Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы осылай деп отыр. Оның айтуынша, идеологияға қаражат аяу - дұрыс саясат емес.

Иә, бірлік пен ынтымақ біздің басты қаруымыз. Іргелі ұйым 1 мамырда ғана төбе көрсетіп, концерт пен түрлі мерекелік шараларды ұйымдастырумен ғана шектелмесе дейді қоғам белсенділері.  

Дереккөз: Zakon.kz

Тегтер: Ассамблея