Шекаралас елдерді білім алатын өзбекстандық студенттер өз отандарында орналасқан оқу орындарына ауысып жатыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Баршаңызға мәлім, соңғы уақытта еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын Өзбекстан азаматтарынан өзбекстандық жоғары оқу орындарына ауысу туралы өтініштер түсе бастады.
Олардың бұндай шешім қабылдауларының себебі - Өзбекстан елшілігінің өкілдерімен кездесу барысында айқындалды. Бұл жағдай, ең алдымен, Өзбекстанда жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігінің артуына байланысты туындап отыр. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, Өзбекстандық студенттер тек біздің елден ғана емес, сонымен қатар, бірқатар шекаралас елдердің жоғары оқу орындарынан да өздерінің тарихи отандарына ауысып жатыр", - деді Мирас Дәуленов Facebook парақшасында
Вице-министрдің хабарламасына сүйенсек, қазіргі таңда әлемде халықтың басым бөлігінің жаппай жоғары білім алуға ұмтылу үрдісі байқалады. Барлық жерде академиялық ұтқырлық бойынша кедергілер жойылуда. Оның ойынша, туындап отырған жағдай қазақстандық жоғары оқу орындарына кері әсер етпейтін табиғи процесс көрінеді.
"Қазақстанда 2017 жылы студенттерді шетелдік жоғары оқу орындарынан отандық жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кешенді тестілеу тапсыру талабы алынып тасталғанын естеріңізге саламын. Аталған шараның нәтижесінде тек 2017 жылдың ішінде 37 мыңнан астам студент Қазақстанның жоғары оқу орындарына ауысу мүмкіндігіне ие болды", - деп түйіндеді вице-министр.