Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы үлкен өтініш айтты. Ол көпке қолжетімді Instagram парақшасында тұрғындардан тазаланбаған көшелер жайлы айтып отыруды сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондай-ақ ол, қардың өте қалың болуына байланысты таулы аймақтарға бармай қоя тұру туралы маңызды ескерту айтты.
"Құрметті алматылықтар! Жауған қалың қар өте сақ болуды талап етеді. Қар жамылғысының биіктігі қаланың жоғарғы бөлігінде — 15 см, таулы аймақта — 25 см-ден асты. Сілбі қар ағаштарды құлатқан. Құлаған кейбір ағаштың бұтақтары көлікке тиген.
Таңертең қаланы аралап шықтым. Көшелерді, аялдамаларды қардан тазалау бойынша және тайғаққа қарсы барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Жол бойында 600 бірлік техника мен 1700 жұмысшы қызмет етуде.
Полиция департаментіне жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді, ТЖ департаменті мен коммуналдық қызметтерге апатты жағдайлардың салдарын жедел жоюды тапсырдым. Қар тазалауда қиындық тудырған көшелердегі жағдай туралы хабарлауды сұраймын!
Үлкен және Кіші Алматы өзендері бассейндерінің тау баурайларында қар көшкіні жүруі қаупі бар. Сондықтан тауда өте сақ болуларыңызды, тіпті тауға баруды кейінге шегеруді сұраймын!", - деп жазды Instagram парақшасында.