$ 514.65  544.6  5.17

«Кімді қарғағанын іштерің сезетін болар...»: тайып құлаған депутат пен журналист елорда билігіне өкпелі

«Әкімге тиісіп, тырнақ астынан кір іздеу ойымда жоқ. Сотқа да бермеймін (оған себеп бар). Оның жандайшап-блогерлерімен де айтысқым келмейді. Тұрсынбек-волонтер де керек емес».
фото: Almaty.tv
фото: Almaty.tv

Таяуда ғана Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов көшенің нашар тазалануы салдарынан тайып құлағанын айтып, жергілікті 4 ауданның әкімдігін сынға алған еді. Ал кеше белгілі журналист Арман Сқабылұлы да оқыстан аяғын жаралап алғанына қала әкімдігін кінәлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қарлы боранның болғанын бәріміз де білеміз. Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін еді. Бұдан, тіпті, қауіпті жарақат алу да ғажап емес. Сондықтан қала көшелері жоғары деңгейде таза болуы керек», – деді тротуарда жүре алмаған депутат.

Сондай-ақ, журналист Арман Сқабылұлы «Бәйтерек» монументінің тұсында құлап, аяғын жарақаттап алыпты.

«Тәуелсіздіктің тәжі делініп жүрген Нұр-Сұлтанның «Бәйтерегінің» дәл жанында аяғым аспаннан келіп, ұшып түстім. Нұрлы қаланың шет жағында ұшсам арман жоқ қой. Ақ Орданың иегінің астындағы, ауылдан келген, шетелден келген қонақтар өріп жүрген алаңда майып болдым. Шәйіттің де ауылы алыс емес еді. Көрер күнім бар екен. Шын айтамын, бетін түнде жауған ұлпа қар жапқан көк мұзды абайсызда басып кетіп құлағанда дүние шыр айналып, төңкеріліп кетті.

Кәдімгі жаяу жүргінші жүретін тротуардың өзі көк мұз. Басқа – басқа, осы «Бәйтеректің» маңайын тазалауға Алтай Көлгіновтің командасының шамасы келмей жатыр дегенге мен сенбеймін. Әйтеуір, өтірік сылтау айтудан жалықпайды. Әкімге тиісіп, тырнақ астынан кір іздеу ойымда жоқ. Сотқа да бермеймін (оған себеп бар). Оның жандайшап-блогерлерімен де айтысқым келмейді. Тұрсынбек-волонтер де керек емес.

Құдай үшін ана жерді тазалаңыздаршы! Мен құлап жатқанда анадайда қарт әже тайып жығылды. Әйтеуір, аман! Бірақ, біреулерді қарғап кетті. Кімді қарғағанын іштерің сезетін болар...» деп жазды әріптесіміз facebook парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары